81 жылдан кейін туыстары хабар-ошарсыз кеткен сарбаздың жерленген жерін білді
Қызыл әскер Әлішер Қызынбаев 1943 жылы Курск облысының Белгород ауданында қаза тауып, бауырластар қабіріне жерленген. Елордадағы Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында жауынгердің туған-туыстарына жерлеу орнынан әкелінген бір уыс топырақты табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еске алу жиыны бір минут үнсіздікпен басталды. Оған "Қарулы Күштердің ардагерлері" РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов, ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Ақмола өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері, қаза тапқан сарбаздың туған-туыстары – Жарқын Қызынбаева мен Бақыт Мамыров қатысты.
Әлішер Қызынбаев 1903 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Отызыншы жылдардың басындағы аштық кезінде оның отбасы туған жерлерін тастап, Өзбекстанға көшкен.
Туысы Жарқын Қызынбаеваның айтуынша, оның ағасын Ұлы Отан соғысының басында Бұхара аудандық әскери комитеті майданға шақырған.
Соғысқа дейін ағамыз Әлішер үйленген еді, артында өсіп қалған ұлы болды. Хабарсыз кеткенге дейін туыстары одан бірнеше қысқа хат алды. Далалық пошта соңғы хабарды 1943 жылы жеткізген, содан кейін байланыс үзілді. Осы уақытқа дейін біз оны іздеуді тоқтатпадық, – деді туысы.
Екі жыл бұрын туыстары іздеу сайттарында деректерді тапқан кезде үміт пайда болды. Іздеушілердің арқасында жауынгердің Ресейдің Курск облысындағы жаппай қабірге жерленгені белгілі болды.
Марқұмның туыстары Жарқын Қызынбаева мен Бақыт Мамыров ҚР Қорғаныс министрлігі мен іздеушілерге алғыстарын білдірді. Бүгінде жауынгердің ұрпақтары елімізде, Өзбекстан мен Қырғызстанда тұрады. Жақындарының қалауы бойынша Әлішер Қызынбаевтың топырағы туыстары тұратын Бұхараға жеткізіледі.