81 млн теңге шығын: компьютерлік клубты қасақана өртеген ер адам сотталды

Жетісу облысы Панфилов ауданында ойын-сауық орталығын қасақана өртеген 25 жастағы азаматқа сот үкімі шықты. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға түнде Жаркент қаласындағы компьютерлік клубтардың бірінде болған. Кешен операторы мен күдікті спирттік ішімдік ішіп отырған кезде араларында жанжал туындаған. Алкогольдің әсерімен ашуға булыққан ер адам орталықтың мүлкін қирата бастаған.

Стақандар мен техниканы сындырған ол жиһаздарды да сыртқа лақтырып, соңында от қойған. Сіріңкені тұтатып, ғимарат ішінде өрт тұтандырғаннан кейін оқиға орнынан кетіп қалған, - деп хабарлады Жетісу облысының Полиция департаменті.

Өрт салдарынан ойын-сауық орталығының едәуір бөлігі жанып, қожайынға 81 млн теңгеден астам материалдық шығын келді.

Сот оның кінәсін толық дәлелденген деп танып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу туралы шешім шығарды. Сонымен қатар айыпталушы келтірілген залалды өтеуге міндеттелді, - делінген хабарламада.

Полиция бұл оқиға ойланбай жасалған әрекеттің ауыр салдары болатынын еске салады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы