"80 пайыздан астам денесін күйік шалған". Министр ферроқорытпа зауытындағы апат туралы айтты
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы апаттан қаза тапқан азаматтың отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрметті әріптестер, әріптесім жаңа маған зардап шеккендердің бірі қайтыс болғанын айтты. Марқұмның отбасына көңіл айтамыз. Медицина қызметкерлері оқиға орнында қажетті көмектің бәрін көрсетті. Жаңа айтқанымдай, арнайы бригада жіберілген. Алған күйіктің көлемі өмір сүру талаптарымен сәйкеспейтін еді деп айтуға болады. Өйткені зақымдану көлемі өте үлкен болды, - деді Әлназарова үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Министр апаттан көз жұмған адамның диагнозын айтты.
Министрліктің бақылауында болғандықтан зардап шеккен азаматтардың жағдайын біліп отырмыз. Қайтыс болған азаматтың 80 пайыздан астам терісін күйік шалған. Кейін асқынып, көз жұмған. Жалпы, егер күйік 60 пайыздан асса, ол медицина тәжірибесінде жоғары қауіп болып саналады. Біз марқұмның отбасына көңіл айтамыз, - деді Ақмарал Әлназарова.
БАҚ өкілдері "Зардап шеккен азаматтарға жедел жәрдем дер кезінде жетті ме? Дер кезінде жетсе жағдай қалай болар еді" деп те сұрады.
Біз қажет болса, ол жағын толық тексереміз және қосымша ақпарат береміз. Негізі жедел жәрдем қызметіне қоңырау түскен. Бірақ ол жеткенше зауыт қызметкерлерін сондағы басқа көлікпен медициналық нысанға жеткізген. Жедел жәрдемнің келуін күтсе, мамандар әуелі сол жерде алғашқы көмек беріп, ауырсыну шогына қарсы дәрі-дәрмек берер еді. Дегенмен, жағдайы ауыр делінген 6 адам өте үлкен көлемде күйік алған, - деді ведомство басшысы.