2 Қыркүйек 2026, 16:39 Фото: ©BAQ.KZ архиві

«80 мың теңге ұсынып, үндемеуімді сұрады»: Пойызда қызға орынсыз әрекет жасады деген ер адам ұсталды

Жолаушы қыздың шағымынан кейін 69 жастағы ер адам ұсталды. Оған екі әкімшілік материал толтырылып, бірі сотқа жолданды.

Маңғыстау – Алматы бағытындағы №077ХА пойызында 20 жастағы студент қыз өзіне жолаушы тарапынан орынсыз әрекет жасалғанын айтып шағымданды. Бұл туралы ол Threads әлеуметтік желісінде жазған.

Жолаушының айтуынша, ер адам оған ұзақ уақыт бойы қарап, анайы қылықтар көрсеткен. Кейін аяғын қызға қарай созып, интимдік сипаттағы әрекеттер жасағанын және болып жатқан жағдайды ұялы телефонының жарығымен түсіргенін айтқан.

Қыздың сөзінше, 69 жастағы ер адам пойызға Қызылорда станциясынан мінген. Алғашында ол жолаушымен әдеттегідей танысып, қайда бара жатқанын, қай рудан екенін сұраған. Алайда кейін оның әрекеті өзгерген.

Оқиғаға байланысты жолаушы вагон жолсерігіне шағымданған. Оның айтуынша, кейін ер адам оған 80 мың теңге ұсынып, «осымен бәрі бітсін» деген.

Алайда қыз ақшаны алудан бас тартқан. Оның сөзінше, оған Алматы-1 станциясында полиция шақырылса, пойыздан өзі де, әлгі жолаушы да түсуі керектігі айтылған. Оқуына асыққандықтан, ол пойыздан түспей, полицияға шағымы жоқ екенін көрсететін қолхат жазған.

Кейін Алматыға жеткен соң жолаушы полицияға арыз берген.

«Жолаушылар тасымалы» не дейді?

Осы жағдайға байланысты BAQ.KZ редакциясы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға сауал жолдады.

Компанияның баспасөз қызметі берген жауапқа сәйкес, оқиға 2026 жылғы 30 тамызда №077ХА пойызының №10 вагонында Алматы-1 станциясына жақындаған кезде болған.

Пойыз бастығының баяндамасына сәйкес, жолаушы вагон жолсерігіне басқа жолаушының өзіне қатысты орынсыз әрекет жасағанына шағымданған. Бұл туралы ақпарат алған пойыз бастығы дереу оқиға орнына барып, жағдайды анықтаған.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, оқиғаны ресми тіркеп, құқық бұзушыны Алматы-1 станциясының Желілік полиция бөліміне тапсыру үшін полиция шақыру ұсынылған.

Алайда шағымданушы жолаушы полиция шақырудан және оқиғаны ресми түрде рәсімдеуден бас тартқан. Осыған байланысты одан полицияға жүгінуден және ресми шағым беруден өз еркімен бас тартқаны туралы қолхат алынған.

Компания пойыз бригадасы өз құзыреті шегінде және қолданыстағы регламент талаптарына сәйкес тиісті шараларды қабылдағанын мәлімдеді.

Осылайша, оқиға бойынша пойыз бригадасы өз құзыреті шегінде және қолданыстағы регламент талаптарына сәйкес тиісті шараларды қабылдады. Мәселе оқиға орнында реттелді. Қолайсыз оқиғаға түскен жолаушымыздан кешірім сұраймыз! - делінген «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің жауабында.

69 жастағы ер адам ұсталды

Кейін көлік полициясы жолаушының арызы бойынша ер адамды анықтаған. Ол – Қызылорда қаласының 69 жастағы тұрғыны. Ер адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.

Оған қатысты екі әкімшілік материал – ұсақ бұзақылық және түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактілері бойынша хаттама толтырылған.

Түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін оған әкімшілік айыппұл салынған. Ал ұсақ бұзақылық туралы материал сотқа жолданды.

Оқиғаның өзге мән-жайлары мен құқықтық бағасы тиісті тексеру және сот қарауы барысында анықталады.