80 мемлекетпен визасыз режим: Қазақстан дипломатиясы ауқымы қандай?

Қазақстаннан қай елдерге визасыз баруға болады, еліміздің елшіліктері мен консулдықтары қайда орналасқан, қай елдермен экстрадиция және құқықтық көмек туралы келісімдер жасалған? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі материалынан біле аласыз.

Сыртқы істер министрлігінің ресми мәліметтері бойынша, қазіргі таңда Қазақстанда шетелде 73 дипломатиялық миссия бар, 80 мемлекетпен визасыз режим жұмыс істейді, ал халықаралық құқықтық келісімдер ондаған елдерді қамтиды.

Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері — елдің сыртқы саясаттағы бет-бейнесін қалыптастырып, ұлттық мүддені халықаралық деңгейде қорғаудың басты құралдарының бірі. Бұл құрылымдар тек формалды қатынас орнатумен шектелмейді, олар елдің экономикалық, мәдени, гуманитарлық және қауіпсіздік мүдделерін шетелде алға жылжытуда шешуші рөл атқарады, - дейді саясаттанушы Аман Мәмбеталиев.

Ол елшіліктер мен консулдықтардың айырмашылығын түсіндіріп өтті.

Елшілік бір мемлекеттің екінші мемлекетпен ресми саяси байланысын жүзеге асыратын жоғарғы дәрежедегі өкілдік. Ал консулдық болса, азаматтық-құқықтық, визалық, гуманитарлық, миграциялық мәселелермен айналысатын мекеме. Елшілік көбіне ел астаналарында орналасады, ал консулдықтар басқа ірі қалаларда ашылады, - деді сарапшы.

Қазақстанның шетелдегі 73 дипломатиялық өкілдігіне Еуропа, Азия, ТМД, Америка, Орта Шығыс және Африканың негізгі елдеріндегі 50-ден астам елшілік кіреді. Оған қоса, консулдықтар да бар.

Осындай дипломатиялық қатысу азаматтардың мүдделерін тиімді қорғауға, экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның әлем аренасындағы бастамаларын ілгерілетуге мүміндік береді.

Қазір Қазақстанда азаматтары визасыз жүре алатын мемлекеттер саны 80-ге дейін артты. Негізгі бағыттарды төмендегі инфографикада көрсетілген.

Қазақстан дипломатиясының тағы бір маңызды бөлігі – халықаралық құқықтық ынтымақтастық. Саясаттанушы Аман Мәмбеталиевтың айтуынша, Қазақстанның экстрадиция, яғни қылмыскерлерді беру, MLAT, яғни құқықтық көмек туралы екіжақты келісімдер, сондай-ақ сотталған азаматтарды өз еліне қайтару сияқты құқықтық механизмдерге қатысуы елдер арасындағы заң аясындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ететін маңызды құралдар.

Осындай келісімдер Қазақстанға қылмыстық істерді халықаралық деңгейде шешуге, қашып кеткен қылмыскерлерді елге қайтаруға, шетелде қиын жағдайға тап болған азаматтарға заң көмегін көрсетуге, құқық қорғау органдары арасында сенімді серіктестік орнатуға мүмкіндік береді, - дейді маман.

Экстрадиция, яғни қылмыскерлерді беру бойынша келісімдер Еуропа елдерінен Испания, Италия, Венгрия, Болгария, Румыния, Түркиямен, Азия елдерінен Қытай, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея, Иордания, Вьетнаммен және Өзбекстан, Қырғызстан, Украина ТМД елдерімен жасалды.

MLAT, яғни құқықтық көмек туралы екіжақты келісімдер АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Бразилия және басқа да 10-нан астам мемлекетпен жасалды.

Сотталған азаматтарды өз еліне қайтару бойынша келісімдер шамамен 26 елде қолданыста, оның ішінде Үндістан, Сербия, Бразилия және ТМД конвенциясы аясындағы келісімдер бар.

Мұндай дипломатиялық байланыстар Қазақстанның азаматтарының мүдделерін тиімді қорғауға, экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және еліміздің бастамаларын халықаралық аренада ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы