80% адам өлімі: Африкада жаңа вирус тарап жатыр
Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары Эфиопияның оңтүстігінде Марбург вирусының анық расталған өршуі тіркелгенін хабарлады, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, бұл – қан кетумен өтетін аса қауіпті геморрагиялық вирустардың бірі.
Ол жоғары қызба, құсу, іш өту сияқты ауыр белгілер туғызады, ал инкубациялық кезеңі 21 күнге дейін созылуы мүмкін. Сарапшылардың бағалауынша, вирус жұқтырғандар арасындағы өлім-жітім деңгейі 25-тен 80 пайызға дейін барады, – деп жазды The Guardian.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесустың айтуынша, аймақта тоғыз адамнан вирус анықталған. Africa CDC мәліметінше, Эфиопияның ұлттық зертханасы Марбург вирусын растаған, және анықталған штамм бұған дейін Шығыс Африкада тіркелген түрлеріне өте ұқсас.
Эфиопия билігі Джинка ауданында індеттің алдын алу және оны оқшаулау жұмыстарын бастап кетті. Africa CDC індеттің аймақтың басқа бөліктеріне таралу қаупін азайту үшін елге қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Бұған дейін Марбург вирусының өршуі Танзания мен Руандада тіркелген. Вирусқа қарсы дайын вакцина әлі жоқ, бірақ симптомдарды дер кезінде емдеу және ағзаны регидратациялау науқастың аман қалу мүмкіндігін арттыра алады. Өткен жылы Руананда Сабин Вакциналар институты әзірлеген тәжірибелік вакцинаның сынақтары жүргізілген.