Соңғы 8 жылда елімізде 14 теракт болған, салдарынан 90 адам қаза тапты – дінтанушы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы 8 жылда елімізде 14 теракт болған, салдарынан 90 адам қаза тапты. 32 адам лаңкестік істер бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылса, тағы 50-дей адам жазасын өтеуде. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Елнар Берікбаев дін мәселесіне арналған конференцияда айтты.

Оның айтуынша, елімізде лаңкестік әрекеттер ұйымдастырған адамдардың ешқайсысы шеттен, яғни Сирия немесе Ауғанстаннан келмеген, бәрі өзіміздің ортамыздан шыққан ел азаматтары және барлығы сыртқы идеологиялық күштердің құрбаны.

«Тараздық Мақсат Қалиев болсын, Руслан Күлікбаев болсын жасы 30-ға дейінгі өз азаматтарымыз. Олардың бәрі сыртқы күштердің идеологиясының құрбандары. Олардың барлығы ақша үшін барды деуге келмейді. Өйткені террористердің ішінде жағдайы төмен және ауқаттылар да бар. Неліктен мұндайға барды дегенге келсек, бәрі идея үшін кетеді. Онда бәрі әділ болады, ешқандай жемқорлыққа жол бермейміз, адамдардың бәрі бауырлас дегендей үгіт-насихаттар айтылады. Өкінішке қарай, елімізде әлі де орын алып жатқан жемқорлық, соттардың әділетсіз шешімдері, кейбір полиция қызметкерінің ойына келгенін істеуі жастарды осындай жолға қарай итермелейді», - деді дінтанушы.

Мұнымен қалай күресу керек деген мәселе тұрғысында ол репрессиялық әдіспен жеңе алмайтынымыз айқын екенін әрі бәрін түрмеге жаппай қамай алмайтынымызды айтты.  

«Соңғы дерек бойынша 15 мыңдай азамат теріс діни ағымның жетегінде жүр. Онымен күресте азаматтарымызға өз құндылықтарымызды дәріптеп, идея етіп ұсынуымыз қажет, яғни оларды ұйыстыра білуіміз керек. Мәселен, АҚШ халқын «Америкалық арман» сияқты ұрандар біріктіреді. Біздің құндылықтарымыздың қатарында үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, жақыныңа қол ұшын созатын «асар» салты бар. Қонақжайлылығымыз, бейбітсүйгіштік сияқты ерекшеліктеріміз көп. Осының бәрін дәріптей білуіміз қажет. Біздің халық бейбіт, көршімен тату қарым-қатынас орнатқан ел. Мәселен, Украина мен Ресей, Әзірбайжан мен Армения арасында қырғи қабақ қалыптасқан. Бізде керісінше, достық, бауырластық тұрғыдағы бейбіт келісімдер жасалған. Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ ұлдары ерлік көрсеткенін бәріміз білеміз. Осындай айтуға тұрарлық құндылықтарымызды жастарға дәріптеп, оларға әдемі идея етіп ұсынуға болады», - деді Елнар Берікбаев.

Оның ойынша, бұны іске асыру үшін дінтанушылар, мектеп пен жоғары оқу орнында сабақ беретін оқытушылар, ата-аналар бәрі бірігіп жұмыс істей білуі керек. 

«Мұның бәрін біз қазір көтеріп, идея етіп ұсынбасақ, азаматтарымыз көрінгеннің идеологиялық жетегінде кететін болады. Яғни, бірлігімізден айырыламыз», - деді ол. 

Айта кетейік «Тарихтан тағылым: ұлттық дәстүр және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы