28 Қазан 2026, 12:48 Фото: ДСМ баспасөз қызметі

8 заманауи перинаталды орталық, 7 көпбейінді балалар ауруханасы – Президент ауқымды құрылыс жылының басымдықтарына тоқталды

Қазақстанда сегіз перинаталды орталық, жеті көпбейінді балалар ауруханасы және Астанада екі медициналық нысан салынады.

Қазақстанда халық санының өсуіне байланысты ана мен бала денсаулығын қорғау инфрақұрылымы кеңейтіледі. Мемлекет басшысы жаңа медициналық нысандар салуға жеке инвестиция тартуды және жобаларды іске асыру кезінде шешім қабылдау рәсімдерін созбауды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда жеті миллионға жуық бала бар. Бұл – халқымыздың 34 пайызы. Жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. 
Елімізде халық саны қарқынды өсуде. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – өте маңызды міндет. Біз ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде еліміз бойынша сегіз заманауи перинаталды орталық салуды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей, Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтереді, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Айтуынша, аталған жұмысқа бюджет қаражатымен қатар, жеке капиталды кеңінен тартқан жөн.

Қолға алынған мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жобаларын сәтті жүзеге асыру қажет. Мұндай серіктестік түрі әлеуметтік инфрақұрылымға салынатын жеке инвестиция көлемін ұлғайтуға көмектеседі. Ең бастысы, тиісті рәсімдерді негізсіз созбай, шешімдерді тез қабылдау керек, - деді Президент.

Сонымен қоса Президент инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша назар аударды. 

Бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Өкінішке қарай, соңғы жылдарда ерекше қажеттілігі бар балалардың саны арта түсуде. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, осы салаға қатысты инфрақұрылымды дамытуға тиіс. Ауқымды құрылысты жүргізу кезінде бұл бағыт назардан тыс қалмауы қажет. Маман тапшылығын азайту және ерекше қажеттілігі бар балалардың диагнозын ерте жастан анықтау жұмысы да жүйелі түрде жүргізілуі керек. Осы жұмысқа «Қазақстан халқына» қоры белсенді атсалысқаны жөн, - деді Мемлекет басшысы.