8 наурыз. Волейболдан БАҚ өкілдері арасындағы турнирде BAQ.KZ жүлделі орынға ие болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада волейболдан БАҚ өкілдерінің қыздар командалары арасында «МИИР PRESS CUP» турнирі өтті. 

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өткен турнир 8 наурыз – Әйелдердің халықаралық күніне арналды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – БАҚ құрамындағы аруларға айрықша көңіл бөлу, кәсіби әріптестер арасындағы достықты нығайту.

Турнирдің серіктестері – Qazaq geophysics компаниясы мен Kazakhmys barlau компаниясы. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан турнирге қатысқан қыз-келіншектерге алғыс білдірді. 

Жарысты ұйымдастырудағы көздеген мақсатымыз - журналистер арасында 8 наурыз – Әйелдердің халықаралық күні мейрамы қарсаңында нәзік жанды аруларды құттықтап, етене араласып танысу, әрі қарай бірігіп жемісті еңбек ету. Достықтарыңыз арта берсін. Спорттық жарыстың мақсаты - орынға ие болу. Бірақ осы алаңға келіп, қатысып өнер көрсетудің өзі – үлкен жеңіс. Осы шараның өтуіне мұрындық болған министрлік басшылығына алғыс білдіреміз, - деді Омархан. 

Баспасөз хатшысы бұл игі шараның дәстүрге айналуына тілекші екенін жеткізді. 

Келесі жарыста командалардың қатары бұдан да көп болатынына сенеміз. Бір кісідей қатысқан барлық командаға алғыс айтамыз. Шараны ұйымдастырған Әзиз Жұмаділдің жетекшілігіндегі BAQ liga командасына көп рақмет. Командалардың барлығын құр қайтармаймыз. Жүлделі орын (1-4 аралығы – авт.) алғандарға өз деңгейіне орай жүлде қоры беріледі. Ал қалған қатысқан командаларға ақшалай сыйлығымыз бар, - деді ол. 

Өз кезегінде BAQ liga қоғамдық қорының жетекшісі Әзиз Жұмаділ осыдан бір ай бұрын қыздар арасында волейболдан турнир өткізу өтініші келіп түскенін айтты. 

Әрине, бұл - игі бастама. Осыған дейін футбол мен волейболдан  BAQ liga-ның туринерлерін өткізіп келдік. Ал енді нәзік жандылар арасындағы мұндай турнир алғаш рет өтіп отыр. Алғашқы жарыс үшін бұл өте жақсы көрсеткіш. Аз уақыттың ішінде БАҚ өкілдерінің қыздары құрама шығарып, белсенділік танытты. Болашақта бұл ілкімді шара дәстүрге айналады деген үміттеміз, - деді ол. 

Турнирге еліміздегі БАҚ өкілдерінің қыздар командаларынан құралған жеті ұжым қатысты. Олар: «7 арна», «Айқын» газеті, BAQ.KZ ақпарат агенттігі, «Егемен Қазақстан» газеті, «Еуразия+ОРТ» телеарнасы, «Қазақстан» РТРК және «Хабар» агенттігі. Командалар жеребе тарту қорытындысы бойынша  «А» және «В» топтарына бөлінді. 

«А» тобына BAQ.KZ ақпарат агенттігі, «Егемен Қазақстан» газеті, «Қазақстан» РТРК», «Айқын» газеті жайғасса, «В» тобында «Еуразия+ОРТ», «Хабар» агенттігі және «7 арна» бақ сынады. 

Екі топтан суырылып шыққан екі команда, яғни «7 арна» мен «Қазақстан» РТРК» финалда бас жүлдеге таласты. 

Қорытындылай келе жарыс нәтижесі былай болды: 

I  орын - «Қазақстан» РТРК» құрамасының қыздары; (Бас жүлде)

II орын - «7 арна» командасының қыздары; (Жүлделі орын)

III орын -  «Хабар» агенттігі құрамасының қыздары;(Жүлделі орын)

IV орын - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің қыздары; (Жүлделі орын)

V орын - «Еуразия+ОРТ» командасының қыздары;

VI орын - «Егемен Қазақстан» газеті құрамасының қыздары;

VII орын - «Айқын» газеті командасының қыздары.

 

Естеріңізге сала кетейік, BAQ liga әр маусым сайын 50-ге жуық БАҚ редакциялары мен 700-ден астам журналистің басын біріктіретін елеулі жобаға айналды. 

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы