8 наурыз мерекесіне орай әлеуметтік төлем беріледі
Көктемнің шырайлы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аналарға айрықша құрмет көрсетілмек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет тарапынан түрлі деңгейде әлеуметтік көмек қарастырылып, ана мәртебесін асқақтататын арнайы іс- шаралар ұйымдастырылуда.
Түркістан облысы тұрғындарының тең жартысына жуығы – әйелдер. Аймақ көпбалалы аналардың ең көп шоғырланған өңірлерінің бірі, мұнда 185 349 ана төрт және одан да көп баланы тәрбиелеп отыр.
Бұл аналардың ішінде:
- 117 927 ана – 18 жасқа дейінгі 4 және одан көп баласы бар;
- 2 175 ана – “Батыр ана” атағына ие;
- 18 570 ана – “Алтын алқа” иегері;
- 43 413 ана – “Күміс алқа” иегері;
- 3 264 ана – I-II дәрежелі “Ана даңқы” орденімен марапатталған.
Түркістан облысында әлеуметтік көмектің негізгі бағыттары – көпбалалы және табысы төмен отбасыларды қолдау. Бүгінде 5 265 отбасы (31 933 адам) атаулы әлеуметтік көмек алып отыр, олардың 62%-ы көпбалалы отбасылар.
Жергілікті әкімдіктер мерекеге орай аналарды арнайы құттықтаулармен қамтып, мұқтаж жандарға қаржылай және заттай көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастыруда.
8 наурызға орай бір реттік төлем беріледі
Аналарға деген құрметті арттыру мақсатында, Түркістан облысында 63 мыңнан астам көпбалалы анаға 484,8 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек беріледі. Әр анаға төленетін орташа сома – 7 864 теңге. Бұл қаражат аудандық және қалалық бюджеттен бөлінеді.
Шымкент қаласында да “Алтын” және “Күміс” алқа иегерлері, “Батыр ана” атағын алған, I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен марапатталған аналарға 5 АЕК (17 250 теңге) көлемінде бір реттік әлеуметтік төлем қарастырылған.