8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні
Бүгін – Халықаралық әйелдер күні. Көктем мерекесінде ер адамдар таңмен таласа тұрып, нәзік жандарды мейірім мен махаббатқа бөлеп, қуаныш сыйлауға асығады.
Мерекенің тарихы
Мерекенің тарихы сонау 1857 жылдан басталады. Дәл сол жылы 8 наурызда Нью-Йоркте тоқыма фабрикаларының жұмысшы әйелдері наразылыққа шыққан. Нәзік жандар 10 сағаттық жұмыс күнін және жалақыны ерлердің айлығымен теңестіруді талап еткен еді. Жұмысшы әйелдердің жанайқайынан кейін алғашқы әйелдер кәсіподағы құрылады.
Жарты ғасыр өткен соң, 1908 жылы ақпанда Нью-Йоркте 15 мыңға тарта әйел өз құқықтары мен бостандығы үшін күресіп, митингке шығады. Олар еңбек саласында ерлер мен әйелдердің құқығын теңестіру, әйелдерге сайлауда дауыс беру құқығын беру туралы талап қояды.
Араға екі жыл салып Копенгагенде Халықаралық социалист әйелдердің конференциясы өтеді. Сол жиында АҚШ-тан келген делегаттар белгілі коммунист, әйелдердің құқығы үшін күресіп жүрген Клара Цеткинмен кездеседі. Неміс коммунисі қоғам назарын әйелдер проблемасына аударып, халықаралық әйелдер күнін бекітуді ұсынады.
Бірнеше жыл бойы Халықаралық әйелдер күні әр елде әртүрлі мезгілде аталып өтті. Тек 1975 жылы Біріккен ұлттар ұйымы 8 наурызды ресми түрде мереке етіп бекітті. Уақыт өте келе, бұл мейрам саяси көрінісін жоғалтты.
Қазақ әйелдері қай салаларда еңбек етеді
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, елімізде 10 260 057 миллион әйел бар. Нәзік жандардың 63,6%-і қалада, 36,3%-і ауылда тұрады. Өңірлер арасында әйелдердің ең көп саны Алматы қаласында – 1 196 450, Түркістан – 1 049 866 және Алматы облыстарында – 766 092 тіркелген.
Бүгінде қыз-келіншектер саясат, бизнес, өндіріс, шығармашылық және басқа да көптеген салада биік белестерді бағындырып жүр.
Ресми ақпарат бойынша республикада түрлі салаларда 4,3 миллионнан астам әйел жұмыс істейді. Бұл еңбекпен қамтылған халықтың жалпы санының 48,3%-і. Соның ішінде 3,4 млн әйел жалданып жұмыс істесе, 940 мың әйел өзін-өзі жұмыспен қамтыған.
Нәзік жандардың басым бөлігі білім, сауда, ауыл шаруашылығы, денсаулық және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету салаларында еңбек етеді.
8 наурыз – демалыс
Қазақстанда Халықаралық әйелдер күні мемлекеттік мереке саналады. Сол себепті жыл сайын халық 8 наурыз күні демалады. Республиканың түкпір-түкпірінде нәзік жандардың құрметіне мерекелік концерттер мен мәдени шаралар ұйымдастырылады.
Биыл бірнеше өңірдің әкімдіктері мереке құрметіне көпбалалы аналарға біржолғы ақшалай төлем береді. Оның мөлшері әр өңірде әртүрлі.
Бұған қоса, кейбір қалаларда қыз-келіншектер мен ана-апаларымыз Халықаралық әйелдер күніне орай қоғамдық көлікте тегін жүреді.