8 мыңға жуық астаналық бауыр ауруымен есепте тұр
Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 7563 адам созылмалы вирустық гепатит, бауыр циррозы, бауыр трансплантациясы бойынша есепте тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы қалалық Гепатология орталығының басшысы Күнсұлу Шамсивалиева Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
2012-2022 жылдар аралығында созылмалы С гепатиті бар 5025 пациент вирусқа қарсы терапия қабылдады. Соның ішінде 2022 жылы 483 пациент ем алды. Небәрі 10 жыл ішінде созылмалы вирустық В гепатитіне шалдыққан 1208 пациент емдеуге алынып, олардың 635-і вирусқа қарсы терапияны жалғастырып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пікірінше денсаулық сақтау секторының алға қойған жаһандық стратегиясы – вирустық гепатиттерді жою және денсаулық сақтау қызметтерінің жалпыға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз ету, - деп атап өтті орталық басшысы.
Айтуынша, бұл стратегия ең кең таралған гепатиттық вирустармен (A, B, C, D, E) сондай-ақ қоғам қауіпсіздігі үшін аса маңызды В және С гепатитінің созылмалы түрлерімен күресуге бағытталған.
В және С гепатиттерінің созылмалы түрлері емделмеген жағдайда, цирроз бен бауыр қатерлі ісігінің дамуына әкеледі. ДДСҰ Қазақстанды Орталық Азия мен ТМД-да гепатитке қарсы күрес бағдарламаларын орындауда көшбасшылардың бірі деп таниды. Елімізде вирустық гепатиттердің алдын алу жұмыстары кешенді түрде жүзеге асырылады. Яғни ең алдымен вирус көздеріне, таралу жолдары мен факторларына, инфекция жұқтыруға бейім халыққа көмек көрсетіледі, - деп нақтылады Күнсұлу Шамсивалиева.