8 млрд теңге. Министр партияларға қазынадан қанша қаржы бөлінетінін айтты
Бұл сұраққа Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бізде тек Amanat партиясы емес, басқа да партияларды қаржыландыру туралы мәлімет бар. Мәжілісте отырған басқа да партиялар бар. Яғни қабылданған заңда тиісті есептеулер көрсетілген. Қателеспесем, партияларға жыл сайын бөлінетін қаражат – шамамен 8 млрд теңге. Бұл қаржы жыл сайын 3 партияға бөлінеді. Мұның барлығы республикалық бюджетте көрсетілген, - деп атап өтті ведомство басшысы Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда тілшілерге берген сұхбатында.
Айта кетерлігі, Мәжілісте үш партия бар. Олар:
1. Amanat партиясы
2. Қазақстан халық партиясы
3. «Ақ жол» демократиялық партиясы
Еске сала кетейік, бұған дейін ведомство басшысы елдегі қымбатшылыққа тоқталып, инфляцияның қашанға дейін жалғасатынын айтқан болатын. Министр қазіргі кезде қалыптасып отырған біздің елдегі және көрші мемлекеттердегі инфляция болсын, көп жағдайда импортпен байланысты екендігіне тоқталды. Дүние жүзі бойынша баға шарықтап тұрғанын алға тартқан министр Америкада да, Еуроодақта да инфляция жоғары деп баға берді. Олардағы инфляцияның жоғарғылығы сонда, рецессия болуы мүмкіндігін атады.