8 млрд теңге: Астанада риелтор мен оның сыбайластары сотталып жатыр
Астанада 8 млрд теңге жымқырылған Qyran ісі сотта қаралып жатыр.
Астанада Qyran тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сату кезінде қаражат жымқыруға қатысты резонансты қылмыстық іс қаралып жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, жалпы шығын көлемі 8 млрд теңгеден асады, алайда бұл қаражаттың қайда кеткені әлі белгісіз.
Схема қалай жұмыс істеген
Qyran тұрғын үй кешенін қытайлық International Invest Company компаниясы салған. Алайда құрылыс аяқталғаннан кейін нысанда қосарланған сату схемасы іске қосылғаны анықталған.
Ол үшін пәтерлер мен коммерциялық нысандар сатып алушыларға нарық бағасынан 25-45% төмен бағамен ұсынылған. Ақша қолма-қол немесе жеке шоттарға аударым арқылы қабылданып, толыққанды келісімшарттың орнына алдын ала келісімдер мен қолхаттар берілген.
Нәтижесінде қаражат компания кассасына түспей, азаматтарға келтірілген залал көлемі 3,8 млрд теңгеден асқан. Ал компания 4,1 млрд теңге жоғалтты.
Айыпталушылар кімдер
Тергеу нұсқасына сәйкес, схемаға төрт әйел қатысқан – екеуі Қытай азаматы, екеуі Қазақстан азаматы.
Операцияның «миы» риелтор Гүлмира Бекбосынова болған көрінеді. IIC компаниясы онымен риелторлық қызмет көрсету туралы келісімшарт жасасқан. Схеманың тағы бір қатысушысы — ЖШС бухгалтері Римма Есімбекова, ол кейін анықталғандай, Бекбосынованың туған әпкесі болып шықты. Сондай-ақ, айыпталушылар орындығында сату жөніндегі менеджер Чжоу Мый және Henan Group ЖШС филиалының директоры Дин Джинхон отыр.
Тергеу дерегінше, осы схема арқылы 70-тен астам жылжымайтын мүлік нысаны сатылған.
Айыптау деректеріне сүйенсек, Гүлмира Бекбосынова өзіне пәтер сату сеніп тапсырылғанын пайдаланып, әлеуетті сатып алушыларды сату кеңсесіне ертіп әкеліп, оларға жылжымайтын мүліктің техникалық төлқұжаттарын, сату құқығына берілген сенімхаттарды және басқа да құжаттарды көрсеткен. Осыдан кейін ол адамдарға ақылға сыйымсыз үлкен жеңілдіктер ұсынған.
Бұл тұрғын үй кешеніндегі шаршы метрдің құны пәтердің түріне (екі бөлмелі немесе төрт бөлмелі) байланысты шамамен 430-дан 470 мың теңгеге дейін болды. Ал коммерциялық нысандар үшін шаршы метріне 600-ден 700 мың теңгеге дейін сұралды. Бұл – әбден қисынды баға. Тіпті сол аудан үшін ең жоғары баға да емес. Алайда тіркелген құжаттарда – брондау келісімшарттары мен кепілпұл туралы келісімдерде – құн тым төмендетіп көрсетілген. Шамамен бекітілген бағадан 25-45%-ға төмен, – деді компания мүддесін қорғаушы адвокат Тәжіден Найманов.
Ең қызығы, адамдар Бекбосыноваға кей жағдайда 200-300 млн теңгеге дейінгі қомақты сомаларды сеніп тапсырған. Кем дегенде, жәбірленушілердің айтуы осындай. Себебі сатып алушылардың бір бөлігінде ақша бергенін растайтын құжаттар жоқ. Ал бары — сараптама қорытындысы бойынша жалған болып шықты.
Қазір 52 жәбірленуші құжаттар ұсынып отыр. Бірақ бұл құжаттарға қол қоюға өкілеттігі жоқ тұлғалар қол қойған. Компаниядан алдық деген кіріс-кассалық ордерлеріндегі қолтаңбалар мүлдем басқа адамдардікі екені анықталды. Оған қоса, жалған мөр пайдаланылған, – дейді адвокат Темірлан Төлеев.
Тіпті, компания басшылары қол қойды делінген құжаттар да қолдан жасалған.
Олар – Қытай азаматтары, олар иероглифпен қол қояды. Ал құжаттарда қол кириллицамен қойылған. Оған сараптама жасаудың да қажеті жоқ, бәрі бірден көрініп тұр, – дейді Төлеев.
Сот барысында күлкілі жағдайлар да анықталуда. Мәселен, бір сатып алушы пәтерді 57 млн теңгеге алдым деп көрсетпе берген, бірақ сотта Бекбосыноваға тек 49 млн теңге бергенін мойындады. «Нотариуста маған 57 млн деп қол қоя сал деді» деп ақталған. Адвокаттар мұндай мәмілелер заңсыз екенін және олардың күші жойылуы тиіс екенін айтады.
Нәтижесінде, риелтор осы схемамен 70-тен астам нысанды (пәтерлер мен коммерциялық жайлар) сатып жіберген. Одан түскен ақша компанияға жетпеген. Сонымен қатар, тағы 26 пәтер бойынша даулы жағдай туындап отыр: ол пәтерлер бойынша ешқандай мәміле жасалмаған, бірақ онда адамдар еш құжатсыз тұрып жатыр.
Ақша қайда?
Бекбосынова мен оның сыбайластары жымқырды делінген миллиардтарды іздеу құқық қорғау органдары үшін шөп арасынан ине іздегенмен бірдей болды. ҚМА ақшаның ізін таба алмады.
Жалпы шығын көлемі – 7 млрд 960 млн теңге. Орасан зор сома. Бірақ осы уақытқа дейін бұл қаражаттың қайда салынғаны немесе қайда кеткені анықталмаған, – дейді Темірлан Төлеев.
Сондай-ақ, тергеу неге екені белгісіз, айыпталушыларға «құжаттарды қолдан жасау» және «жымқырылған қаражатты заңдастыру» (легализация) баптары бойынша айып тақпаған.
Компанияның ұстанымы
International Invest Company (IIC) басшылығы сол кезде орыс немесе қазақ тілдерін білмегенін және уақытының көбін Қытайда өткізгенін алға тартады.
Біз Бекбосынова тек пәтер сатумен айналысады деп ойладық. Оның мұндай ауқымды афера ұйымдастыратынын білгенде шошып кеттік, – дейді заң кеңесшісі.
Сонымен қатар, компания Дин Джинхонның бұл схемаға қатысы бар екеніне күмәнмен қарайды. Ол орыс тілін білмейді және ақпаратты тек аудармашы арқылы алған. Сондықтан риелтормен сөз байласуы мүмкін емес деп есептейді.
Риелторлар және заң
Қазақстанда риелторлық қызметті заңмен реттеу қажеттігі бұрыннан айтылып келеді. Депутат Олжас Құспековтің айтуынша, елімізде 30 мыңға жуық риелтор болса, соның тек үштен бірі ғана ресми тіркелген.
Кез келген адам онлайн-платформа арқылы риелтор бола салады. Ешқандай жауапкершілік бекітілмеген. Осының салдарынан көптеген алаяқтық схемалар пайда болып отыр, – дейді депутат.
Мәжіліс депутаты бұл салада бұрын қаржылық қылмыстары үшін сотты болған тұлғалардың жұмыс істеген деректері бар екенін айтты. Оған қоса, риелторлардың басым бөлігі салық төлемейді және ресми түрде жұмыссыз ретінде есепте тұр.
Соның нәтижесінде тарифтерді белгілеу, нарық қатысушыларын өзін-өзі реттейтін ұйымға біріктіру, бірыңғай тізілім жасау және риелтордың әдеп кодексін қабылдау туралы шешім қабылданды. Алайда, бұл мәселе көтерілгелі бері екі жыл өтсе де, заң жобасы әлі күнге дейін соңына дейін өңделмеген. Оның қашан қабылданары да белгісіз.
Егер заң шығарушылар жедел қимылдағанда, Qyran ТҮК-і секілді келеңсіз жағдайлардың алдын алуға болар еді