«8 минуттық оқу»: Елорда мектептерінде жаңа жоба басталды
Жоба аясында оқушылар әр ауысымда сабақ басталар алдында 8 минут көркем әдебиет оқиды.
Астанада 2026-2027 оқу жылының алғашқы аптасынан бастап «8 минуттық көркем әдебиет оқу» жобасы іске қосылды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Білім басқармасының бастамасымен қолға алынған жоба оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, танымдық көзқарасын кеңейтуге бағытталған. Жоба аясында оқушылар әр ауысымда сабақ басталар алдында 8 минут көркем әдебиет оқиды.
Астана қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығының басшысы Сындар Мұратқызының айтуынша, кітап оқу баланың сөздік қорын молайтып, есте сақтау қабілеті мен шығармашылық ойлау жүйесін дамытуға, сондай-ақ білім сапасын арттыруға ықпал етеді.
«Бұл жобаны бастаудағы мақсатымыз – әрбір оқушы көркем әдебиет оқыса екен дейміз. Кітап оқыған оқушының білімі, ой-өрісі кеңейеді. Сол себепті осы жобаны мектептерге енгізіп отырмыз», – деді ол.
№56 мектеп-лицейінің оқушысы Рамина Айтуар алғашқы күні Сапарғали Бегалиннің «Бала Шоқан» шығармасын оқып, 8 минутта бес бетін аяқтағанын айтты.
«Бір айда осы қарқынмен толық бір кітапты аяқтайтын секілдімін. Кітап оқу жобасының басталуына қатты қуандым. Өйткені талап етпесе, кітап оқуға көңіл бөлмейтініміз жасырын емес», – дейді оқушы.
Сонымен қатар елордалық мектептерде оқушыларға арналған буккросинг және коворкинг аймақтары жұмыс істейді.