"-8 градусқа дейін аяз". Синоптиктер демалыстағы күн райына болжам жасады
Қазақстан бойынша 2024 жылғы 27-29 сәуір аралығына ауа райы болжамы жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синоптиктердің болжамынша, елімізде тұрақсыз ауа райы сақталады.
27 сәуірде еліміздің басым бөлігі жоғары атмосфералық қысым алқабының ықпалында болады. Жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. 28-29 сәуірде атмосфералық фронтальды бөліктердің әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр, найзағай күтіледі. 28 сәуірде оңтүстікте, 29 сәуірде солтүстік-батыста және солтүстікте қатты жаңбыр жауады. Бұршақ жаууы мүмкін. 29 сәуірде түнде республиканың оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде болады. Қазақстан бойынша жел күшейеді, оңтүстікте және оңтүстік-батыста шаңды дауыл соғады деп күтілуде.Температуралық фонға келетін болсақ, жалпы алғанда күндізгі температураның біртіндеп жоғарылауы күтілуде. Алайда 27-28 сәуірде түнде еліміздің солтүстік жартысында термометрлер 1-8 градус аязға дейін жетеді, - делінген хабарламада.