Қарағанды облысының соттарында жыл соңына дейін 8 фронт-офис ашылады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қағазбастылықты азайтып, сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың сенімін арттыру мақсатында Қарағанды облысының сот ғимараттарында фронт-кеңселер ашылуда. Заманауи орталықтарда азаматтардың сот қызметін пайдалануына барлық жағдай жасалған.

Жыл басынан бері Қарағандының сот ғимараттарында үш фронт-кеңсе ашылды. Олардың алғашқысы қаланың Октябрь ауданының Пришахтинск шағын ауданында ашылса, екінші фронт-кеңсе Майқұдықтағы сот ғимратында ашылды. Тағы бір жаңа фронт орталық Шахтинск қаласында ашылған.

«Ешқандай терезе, ешқандай тор, ешқандай қоршау. Адамдар осында келіп өтінішін қалдырады, қажетті кеңесін алады. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Келушілердің пікірінше, адамдар үшін сот осындай болу керек. Фронт-кеңселер ең алдымен Пришахтинск елді мекенінде, одан кейін Майқұдық ықшам ауданында, Шахтинск қалаларында ашылды. Жақын күндері Абай қаласында ашамыз. Жоспарда Осакаров ауданы, Балқаш қалалары. Балқаштағы фронт-кеңсе құрылысының жоспары дайындалған. Жалпы жыл соңына дейін 7-8 фронт-кеңсе ашамыз. Сондай-ақ, облыстық сот ғимаратындағы «келу-күту» залын жаңғырттық. Облыстық сот үшін қаланың Оңтүстік Шығыс ықшам ауданында жаңа ғимарат салынып жатыр» – дейді Қарағанды облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов.

Шахтинск қаласында сот ғимаратына келушілер бірден фронт-кеңсеге тап болады. Келушілердің ыңғайлылығы үшін фронт-кеңсе үш алаңға бөлінген. Ақпарат орталығы, кіріс кеңсесі және өзіне-өзі қызмет көрсету алаңдарында адамдардың қолайлылығы үшін барлық жағдай жасалған. Заманауи кеңсе техникасы, гаджеттерді қуаттауға арналған құрылғылар орнатылған, WI-FI қызметі қосылған. Мұнда келушілердің барлық сұрағына жауап беруге дайын кеңесшілер жұмыс істейді. «Сот кабинеті» қызметін еркін пайдалануға мүмкіндік беретін бұрыш жасалған.

«Кез келген мемлекеттік органдар сияқты соттардың жұмысы тұрғындардың нақты сұранымдарын қанағаттандыруға бағытталған. Бұл істі ашық, тез әрі сапалы жасаудың маңызы зор. Адам мейлінше аз уақытын жұмсап, көп нәтиже алуы тиіс. Қазіргі уақытта тұрғындардың сотқа деген сенім деңгейі де осыған байланысты болып отыр. Фрон-кеңселер осы міндеттерді шешуі керек», - дейді Нұрсерік Шәріпов.

Октябрь ауданының сот ғимаратында ашылған жаңа орталықта азаматтарға қызмет көрсетудің заманауи технологиялары ұсынылады. Енді ұзын-cонар кезек күтпейсіз.

«Октябрь аудандық сотында ашылған фронт-кеңсе халықтың өзіне қажет ақпаратты және сот құжаттарын алуына ыңғайлы етіп жабдықталған. Фронт-кеңсенің іші кең, жарық, жайлы, тұрғындарға қолайлы. Фронт-офистің өзі үш бөліктен тұрады. Біріншісі – өзіне-өзі қызмет көрсету орталығы, екіншісі ақпарат орталығы және кіріс кеңсесі. «Аталған жоба «Үлгілі сот» жобасының аясында іске асуда. Сот қызметіне жүгінуші әрбір адам осында келіп ақпарат алып, құжаттарын тапсыра алады», - дейді Октябрь аудандық сотының судьясы Ернар Әмірханов.

Сондай-ақ, фронт-кеңсеге келуші азаматтар медиаторлар мен адвокаттардың кеңесін алып, даулы жағдайларды медиация көмегімен шеше алады. Мұнда нотариустар да қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ, Октябрь аудандық сотында «Отбасылық сот», «Сот процесіндегі татуласу рәсімдері» атты пилоттық жобалар жүзеге асуда. Жоба аясында Октябрь аудандық сотына 214 медиациялық іс түсіп, оның 146-cы медиациялық келісім қорытындысымен шешілген.

«Аудандық соттың өзінде екі мыңнан астам іс татуласу бойынша шешілген. Осы арқылы көптеген адамдардың уақытын үнемдейміз. Татуласқан адам өтелмеген қарызын өтеп қана қоймайды, олар бір-бірімен жауласқан пейілдерін түзетіп, араласататын болады. Біз осылайша көптеген туыстарды татуластырдық», - дейді медиатор Тотай Ерімбетов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы