8 адамды өрттен құтқарған ұландық медальмен марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавлда 8 адамды түтіндеген үйден құтқарған ұландық ІІМ медалімен марапатталды. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады.

Адам өмірін құтқарудағы экстрималды жағдайда көрсеткен ержүректілігі мен батылдығы үшін ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен аға лейтенант Доскен Есжанов «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Бүгін офицерге марапатты тапсырған Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Әлібек Серәлиев әскери оқу орнының курсанттары осындай ерлік үлгісінде тәрбиелену керектігін алға тартты, - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 24 мамыр күні сағат 13.00-де Ұлттық ұлан Әскери институтының әскери қызметшісі аға лейтенант Доскен Есжанов қызметке аттанар алдында Жамбыл көшесіндегі өз үйінің көрші кіреберісінен қою түтінді байқайды. Жағдайды бағамдаған офицер оқиға орнына өрт сөндірушілерді шақырады.

Өрт тұрғын үйдің жетінші қабатын жалмаған. Офицер өрт сөндіруші есеп келгенше терезені сындырып, тұрғындарды сыртқа шығарған.

Ұландық әскери қызметші өрт сөндірушілермен бірге сегіз адамды, оның ішінде екі баланы қауіпсіз жерге шығарды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы