775 млрд теңге инвестиция: Қазақстанда өндіріс орындары ашылады
Қазақстанда құрылыс материалдарының өндірісі дамып келеді. 2026 жылдың басынан бері елде шамамен 50 млрд теңге инвестиция тартылған 19 жаңа өндіріс орны іске қосылды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, бұл жобалар 1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
Не өндіріледі?
Жыл басынан бері елімізде керамогранит плиткаларын, PIR сэндвич-панельдерін, ПВХ және алюминий фасадтарын, витраждар мен терезелерді, ALC-панельдерді, жылу оқшаулағыш минералды мақта плиталарын, бетон құбырларды, дәнекерленген қос таврлы арқалықтарды, профильді табақтарды және басқа да өнімдерді шығаратын 19 өндіріс орны іске қосылды.
Бүгінде құрылыс материалдарының ішкі нарығындағы отандық өндірушілердің үлесі 70%-дан асты. Салада 3 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.
Жыл соңына дейін қандай жобалар іске қосылады?
Тағы 29 кәсіпорынды іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, жыл соңына дейін отандық құрылыс материалдары нарығының қажеттілігін 48 жаңа өндіріс орны қамтамасыз ететін болады. Оларға шамамен 202,2 млрд теңге инвестиция тартылып, 3,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылмақ.
Атап айтқанда, баспалдақтар, кәріз сақиналарын, жылу трассаларының науаларын, микрокальцитті, модульдік жылыжай конструкцияларын, жол құрылысына арналған топырақ тұрақтандырғышы, жасанды мәрмәр және басқа да өнімдерді өндіру жоспарланған.
2027-2028 жылдары не пайда болады?
Іске асыру кезеңінде жалпы құны 380 млрд теңге болатын тағы 28 жоба бар, оларды 2027-2028 жылдары іске қосу күтілуде. Бұл 3,4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, оның ішінде шамамен 1,6 мыңы – ауылдық жерлерде. Кәсіпорындар жоғары технологиялық темірбетон модульдерін, металл конструкцияларын, фиброцемент панельдерін, санитарлық керамиканы, гипсокартонды, құрғақ құрылыс қоспаларын және басқа да өнімдерді шығарады.
Тағы қандай жобалар дайындалып жатыр?
Бұдан бөлек, әртүрлі пысықтау кезеңдерінде құны 192,7 млрд теңге болатын 29 жоба бар. Олардың қатарында көпір конструкцияларын, металл есіктерді, қабырғалық панельдерді, шыңдалған әйнекті, керамзит блоктарын, шыны оқшаулағыштарды, желілік-аспалы арматураны және басқа да өнімдерді өндіруге бағыталған жобалар бар. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда 3,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады.
Салаға қанша инвестиция тартылады?
«Жобаларды іске асыру отандық өндіріс көлемін ұлғайтуға, шығарылатын өнім түрлерін кеңейтуге, құрылыс кешенінің импортқа тәуелділігін төмендетуге, өндірісті локализациялау деңгейін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Барлығы биыл және алдағы жылдары іске асыру көзделген 105 жоба бойынша шамамен 775 млрд теңге инвестиция тартылып, 10,4 мың тұрақты жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда, оның 5,7 мыңы ауылдарға тиесілі болады», – дейді QazIndustry жобаларды мониторингілеу және талдау дирекциясының басшысы Зәуре Нұрғалиева.