76 жастағы әйел танысу сайты арқылы алғаш рет тұрмысқа шықты

АҚШ-та тұратын Джанет Фонтейн есімді әйел 76 жасында алғаш рет тұрмысқа шығып, егде жастағы қарым-қатынастың ерекшеліктері туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Business Insider басылымына сілтеме жасап. 

Джанеттің айтуынша, ол өмірінің көп бөлігін мансап пен өзін-өзі дамытумен өткізген. Бұған дейін бірнеше рет қарым-қатынаста болғанымен, олардың ешқайсысы некеге ұласқан жоқ. Тек 73 жасқа келгенде ғана ол отбасын құру туралы ойлап, құрбысына өз атынан танысу сайтына тіркеліп беруін өтінген.

Фото: Джанет Фонтейннің жеке мұрағатынан

Сол сайтта ол 2021 жылдың ақпан айында болашақ жары – 78 жастағы Клиффпен танысқан. Олардың алғашқы кездесуі жүзім плантациясында өткен.

Ол нағыз джентльмен еді, - деп еске алады Джанет.

Кейін екеуі жиі хабарласып, бір-бірінің үйіне қонаққа барып тұрған. 2023 жылдың желтоқсанында Клифф Джанетке некелік сақина сатып алуды ұсынған. Ол әзілдеп:

Жасым келіп қалғандықтан, тізерлеп тұрып ұсыныс жасай алмаймын ғой, - деген екен.

Фото: Джанет Фонтейннің жеке мұрағатынан

Алайда Джанет үшін оның бұл қадамының өзі жеткілікті болған. Ақыры 2025 жылдың сәуірінде олар үйлену тойын өткізді.

Егде жаста некеге тұру – өмірдің қаншалықты өткінші екенін еске салатын нәрсе, - дейді Джанет.

Ол сонымен қатар, олардың кейбір жақын достары бұл қуанышты сәтті көре алмай, өмірден өтіп кеткенін де айтып өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы