75 жыл сақталған хат. "Передайте моей жене"
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ радиосының "Бармысың, бауырым?" хабарына соғыс жылдары жазылған жауынгердің хаты келіп түсті, деп хабарлады Қазақ радиосы.
Бір жапырақ қағазда "Передайте моей жене. КазССР, Аральское море қаласы, Пушкин көшесі, 4-үй, Забабурина Анастасия Леонтьевна" деп жазылған. Жауынгердің аты Забабурин Иван.
Қазақ радиосы аталған жауынгер Қызылорда облысы, Қазалы ауданынан соғысқа аттануы мүмкін деген болжам жасап отыр. Күйік шалған қағазды "Бармысың, бауырым?" хабарына Ресей Федерациясынан Ольга Стружанова есімді тыңдарман жолдап, тікелей эфирге телефон шалған, - делінген таратылған ақпаратта.
Жазба Ресейдің Ленинград облысының аумағынан солдаттың медальонынан табылған. Қазір радио тілшілері жауынгердің туыстарын іздестіруде. Нәтижесі де жоқ емес. Забабурин текті азаматтар Шымкент қаласынан табылған. Мәліметтерді нақтылау үшін редакция жергілікті әкімдік пен криминалды полиция қызметіне жүгінген. Қазақ радиосы Забабурин Иван Никитовичтің туыстарын танитындар болса, 8-707-53-55-383 немесе радионың qazradio.fm сайтындағы байланыс нөмірлеріне хабарласуын сұрайды.