Жеңіс-75. Фронтта жазылған хаттар жинақталған кітап жарық көрді
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде соғыс жылдарында жазылған хаттар, маңдайшалар, фотосуреттер менмайдангерлердің естеліктері жинақталған кітап жарық көрді.
"От болып жанған" жолдар атты туындыны шығаруға өңірдің тарихшылары атсалысты.
Біздің кітап бірінші кезекте жас буын өкілдеріне, келер ұрпаққа арналады. Бұл еңбекке соғыс жылдарындағы құжаттамалық деректер жинақталған. Отан үшін отқа түскен ержүрек жандардың естеліктері да жаңғырды. Материалдардың басым бөлігі мұрағаттық құжаттарға негізделген, - дейді кітап құрастырушыларының бірі Вера Болтина.
Тарихшылардың айтуынша, авторлар қауымы соғыс тарихын фотосурет, хаттар, қаралы хаттар мен өзге құжаттар арқылы жеткізуді мақсат еткен. 568 беттен құралған бір томның ішінде Павлодар облысының мұрағатынан табылған құжаттар жинақталған. Кей деректер Железин, Успен, Шарбақты аудандарының мұрағаттарынан алынған. Сонымен қатар, Ресейдің Қорғаныс Министрлігінің мұрағатының материалдары да қолданылған.
Еске салсақ, ІІ дүниежүзілік соғысқа 46 мыңнан астам павлодарлық қатысып, тең жартысы оралған жоқ. Ел үшін қаза тапқан азаматтар туралы өмірбаяндық деректер бұған дейін жарық көрген «Боздақтар» кітабында жарияланған. Ал соғыстан аман-есе оралып, елді көтеруге атсалысқан тұлғалар туралы мәліметтер "Жеңімпаздар" кітабында жария етілген.