Жеңіс-75. Ардагерлердің төлемақысы 80 пайыз берілген

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты қойылған шектеулерге қарамастан, шығысқазақстандық ардагерлер назардан тыс қалмайды.

Жеңістің 75 жылдығына орай өңірде тұрып жатқан ардагерлерге қандай жақсылықтар істелетіні жайын облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев айтып берді.

Биыл Жеңіс күні қарсаңында облысымызда 16 668 адам мерекелік датаға орайластырылған ақшалай төлемақы алады. Олардың ішінде 124 адам Ұлы Отан соғысының қатысушысы және мүгедектері болып танылған азаматтар. Ол кісілерге мемлекет тарапынан 600 мың теңгеден ақшалай төлемақылар табысталды. Сондай-ақ, Ленинград қаласының қоршауында және бала жасында неміс фашистерінің концентрациялық лагерлерінде тұтқында болған азаматтарға 100 мың теңгеден ақшалай көмек көрсетіледі. Осындай мөлшердегі ақшалай көмек соғыстан қайтпаған адамдардың екінші рет тұрмысқа шықпаған жесірлері мен соғы кезінде алты ай көлемінде тылда еңбек еткен азаматтарға да көрсетіледі, - дейді Айтқазы Шерубаев.

Жауапты тұлғаның айтуынша, тыл еңбеккері ретінде танылған қалған 15 389 адамға 42 500 теңгеден ақшалай төлемақы жасалмақ. Қазіргі уақытта төлемақыларды көзделген азаматтардың 80 пайызының алып болғанын тілге тиек еткен ол, қалған 20 пайызының төлемақыларды Жеңіс күніне дейін толық алып болатынын атап өтті.

Төлемақы мәселесінде алаңдайтын ештеңе жоқ. Егер апаларымыз бен аталарымыздың қолдарында банк карталары болса, аталмыш төлемақылар оларға зейнетақыларымен бірге келіп түседі. Ал үйлеріне жеткізіліп берілетін азаматтарға қолдарына әкеліп табысталады. Қандайда бір түсініспеушіліктер туындап жатқан жағдайда біздің телефон нөмірлерімізге қоңырау шалуларына болады, - деп қосты Айтқазы Шерубаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Президенттік қолдау
Өзгелердің жаңалығы