74 жыл бұрын Жапонияның Хиросима қаласына атом бомбасы тасталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1945 жылғы 6 тамыз Хиросима және Нагасаки атом бомбалауынан зардап шеккен жапон халқының трагедиясы күні ретінде адамзат тарихына енді.

Міне, 74 жыл бойы бұл күнді қайғы-қасірет күні ретінде еске алады. Ядролық сынақтың қайғысын бастан кешкен қазақстандықтар үшін Жапония халқының бастан өткерген қайғы-қасіреті таныс жағдай.

Семей сынақ полигонында да 1949-1989 жылдар аралығында 450-ден астам ядролық жарылыс болды, олардан миллионнан астам адам зардап шекті.

1991 жылдың 29 тамызында Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен полигонды түпкілікті жапты. Осы жылдар ішінде Қазақстан бұрынғы Семей полигонында ядролық қаруды сынақтан өткізудің зардаптарын жою жөнінде іс-шаралар қабылдады. Сондай-ақ, осы зардаптарды жоюда Қазақстан халқына көрсеткен көмегі үшін жапон халқына шын жүректен алғыс айтамыз.

Хиросима мен Семей қалалары ядролық қатерге қарсы күрестің символына айналды. Қазақстан Жапониямен және әлемдік қоғамдастықтың басқа да мүшелерімен бірлесіп, адамзатты ядролық қарудан бас тартуға және оны таратпау режимін нығайтуға бағытталған саясатты дәйекті және белсенді түрде жүргізіп келеді.

Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары қабылданды. Осы қарардың мақсаттарына сәйкес Қазақстанда және әлемнің көптеген елдерінде ядролық сынақтардың зардаптары туралы әлемге ескерту ретінде бағытталған және болашақта оларды қолданбауға шақыру туралы конференциялар, семинарлар, көрмелер және басқа да іс-шаралар өткізілді.

2015 жылы Хиросима және Нагасаки атом бомбасының тасталуының 70 жылдығына орай Елбасы бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының Ядролық қарудан азат әлем құрудың жалпыға ортақ декларациясы туралы қарары қабылданды. Аталған бастама БҰҰ мүше мемлекеттерінің көпшілігімен қолдау тауып, ядролық қаруға тыйым салу бойынша халықаралық заңды құжат қабылдауда маңызды қадам болды.

2017-2018 жылдар Қазақстанның сыртқы саясатын дамытудың шарықтау кезеңдерінің бірі – еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз қызметін атқарды. Осы жауапты қызмет кезінде Қазақстанның маңызды басымдылығы ретінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздану бастамасын және Нұр-Сұлтан қаласында кезекті рет өткен Ядролық қаруды таратпау шарты (ЯҚТШ) бойынша уағдаластықтарды жүзеге асыру жұмыстарын атап өтуге болады.

Қазақстанның тағы бір ерекше бастамасы «АТОМ» жобасы болып табылады. Аталған жоба аясында Ядролық қаруға қарсы әрекет ететін кез келген адамдарды ядролық сынақтардан біржола бас тартуға шақыра отырып, әлем басшыларының аталған жобаға онлайн-петиция арқылы қол қою мүмкіндігін қарастырды.

2006 жылы Қазақстан көрші елдерімен бірлесіп Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрды. Аймақ құру туралы шартқа қол қою аумағында 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізілген Семей қаласында өтті.

Біз азаматтық қоғамның ядролық қарусыздану мен оны таратпау режимін нығайтудағы рөлін жоғары бағалаймыз және тек азаматтық қоғамның, парламентарийлер мен үкіметтердің күш-жігерін біріктіріп қана адамзатты ядролық қарудан арылудың игілікті мақсатына қол жеткізе аламыз. Біз тек әлемді ядролық қарудан толық арылту арқылы ғана Хиросима трагедиясын ешқашан және еш жерде қайталанбайтынына кепілдік бере алатынына сенімдіміз.

Қазақстан әрдайым ядролық қарусыз әлем бастамаларын ілгерілететін және осы мақсатқа қол жеткізуге бағытталған халықаралық іс-шаралар мен бастамаларға белсенді қатысатын болады. Бұл Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдылығы болып табылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы