74 мыңға жуық қазақстандық Coursera платформасында оқуға өтінім берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазірдің өзінде 74 мыңға жуық адам Coursera жаппай онлайн-білім берудің жетекші алаңында тегін онлайн оқудан өтуге өтінім берді.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстандықтар ағылшын тілі мен бизнес-ағылшын тілін, Python бағдарламалау негіздерін және SMM негіздерін үйренуге үлкен қызығушылық танытты.

Әлемдегі ең танымал Coursera онлайн-оқыту платформасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп қазақстандықтар үшін тегін онлайн-білім берудің ауқымды жобасын іске асыруда. Жоба 31 қазанға дейін есептелген, алайда ұйымдастырушылар арасында курстарға тіркелу мерзімін 2020 жылғы 14 желтоқсанға дейін және оқу мерзімін 2021 жылғы 15 ақпанға дейін өтеусіз негізде ұзарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бүгінгі таңда қазақстандықтардан 74 мың өтінім келіп түсті, 38 мың адам оқудан өте бастады. Бұл ретте жобаның тіркелген 36 мыңға жуық қатысушысы курстардан өтуге кіріспеді.

Еңбекмині өтінім берген қазақстандықтарды Coursera алаңында оқуға кірісуге шақырады, себебі бөлінген орындар саны шектеулі. Қазіргі уақытта 12 мың тегін лицензия қолжетімді, оларды тіркелген, бірақ оқуды бастамаған азаматтар да, 14 желтоқсанға дейін өтінім беріп, ұнаған курстарды таңдап үлгерген кез келген қазақстандық та пайдалана алады.

Бүгінгі таңда тіркелген қазақстандықтар түрлі бағыттар бойынша 131 мыңнан астам курсты таңдап, 230 мың сабақты өтті.

Оқытудың ең сұранысқа ие бағыттары: бизнес саласы, IT және компьютерлік ғылымдар, тілдерді үйрену, жеке даму және денсаулық.

«Ағылшын тілін және бизнес-ағылшын тілін үйрену», «Python-дағы бағдарламалау негіздері» және «SMM негіздері» курстарынан басқа, таңдалған ТОП-10 курстың қатарына «Жобалармен жұмыс жасаудағы Agile және Scrum», «Өмірлік істі табу негіздері», «Өз ақшаңа бизнес ашу», «Растрлық графика. Adobe Photoshop CC», «Өтірік теориясы. Профильдеу», «Фотосурет негіздері» және «HTML және CSS негіздері» кірді.

Оқуды аяқтаған қазақстандықтар Coursera онлайн-оқыту платформасында өткен курстардың қорытындысы бойынша өз пікірлерін қалдырады.

Мысалы, Ирвайндағы Калифорния университетінің «Initiating and Planning Projects (Жобаларға бастамашылық ету және оларды жоспарлау)» курсын өткен Ұлжан қолайлы да түсінікті форматта жаңа білім меңгеру мүкіндігі үшін ризашылығын білдірді.

Жобаны басқарудан хабарым онша жоқ адам ретінде мен курс қолжетімді ақпараттан тұрады деп айта аламын. Интернеттегі оқыту соншалықты қызықты болуы мүмкін деп ешқашан ойламас едім. Маған бұл курстан өту ұнады, мен оны басқаларға ұсынамын, – дейді ол.

Торонто университетінің «Introduction to Psychology (Психологияға кіріспе)» курсынан өткен Жазира да пікірімен бөлісті.  

Бұл курс – мен өткен ең жақсы онлайн курстардың бірі. Әр апта мен өзім үшін жаңа бір нәрсе таптым, адамдар неге белгілі бір жолмен әрекет ететінін түсіне бастадым және көптеген сұрақтарына жауап таптым. Рахмет!, – деп өз тәжірибесімен бөлісті.

«Менің бұл курсқа жазылған себебім: өз өмірімді психологиямен байланыстырып, мұқтаж адамдарға көмектескім келеді. Курс маған осы бағыт туралы білуге және маңызды ойларды түсінуге көмектесті. Адамдарды өз бағыттарында оқытқаныңыз үшін рахмет!» – дейді Джонс Хопкинс Университетінің «Psychological First Aid (Алғашқы психологиялық көмек)» курсынан өткен Айханым.

Естеріңізге сала кетейік, Coursera білім беру платформасы әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінен (GOOGLE, IBM, Facebook, Stanford University, Yale University, Johns Hopkins University, Princeton University және т.б.) 4 мыңнан астам тегін курстардан өтуге бірегей мүмкіндік береді. Аталған курстарда түрлі дағдыларды, соның ішінде математикалық, коммуникативтік, кәсіпкерлік, бағдарламалау, статистикалық талдау, деректерді басқару және көшбасшылық дағдыларын меңгеруге болады.

Курстарды сәтті аяқтағаннан кейін білім алушылар сертификат алады.

Ағымдағы жылғы 14 желтоқсанға дейін https://www.enbek.kz/ru/free-coursera Электрондық еңбек биржасы арқылы өтінім бергендер және www.coursera.org платформасында тіркелгенін растағандар үшін Coursera алаңында тегін оқыту курстары 2021 жылғы 15 ақпанға дейін қолжетімді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы