20 Қазан 2026, 17:28 Фото: ©BAQ.KZ архиві / Артём Чурсинов

7,4 млн теңге қарызы бар үш баланың анасы банкрот деп танылды

Тараз қаласында сот жеті кредиторға 7,4 млн теңгеден астам қарызы бар үш баланың анасына қатысты сот банкроттығы рәсімін қолдану туралы шешім шығарды. Әйелдің бір жылдан астам уақыт бойы қарыз төлемегені және сатуға жарамды мүлкі жоқ екені анықталған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тараз қалалық сотының мәліметінше, азаматша И. сотқа жүгініп, банкроттық рәсімін қолдануды сұраған. Оның жеті кредитор алдындағы берешегі 7,4 млн теңгеден асқан. 12 айдан астам уақыт бойы төлем жасалмаған, ал қарызды реттеу әрекеттері нәтиже бермеген.

Қаржы басқарушысының қорытындысы бойынша, әйелдің сатуға жататын мүлкі жоқ. Оның атына жылжымайтын мүлік, автокөлік және басқа да құнды активтер тіркелмеген. Сонымен қатар, ол ресми түрде жұмыссыз ретінде есепте тұрған.

Сотта әйелдің 2004 жылдан бері ажырасқаны және кәмелетке толмаған үш баласымен жалдамалы пәтерде тұратыны анықталған. Кіші баласына туа біткен ауруына байланысты тұрақты күтім мен ем қажет.

Сот арызды қанағаттандырып, азаматшаға қатысты сот банкроттығы рәсімін қолданды. Қаржы басқарушысына банкроттық туралы ақпаратты жариялау, борышкердің мүлкін басқаруға қабылдау, барлық шектеулер мен инкассалық өкімдерді алып тастау және кредиторлармен есеп айырысу үшін арнайы шот ашу тапсырылды.

Рәсім барысында әйелге жаңа ақшалай міндеттемелер қабылдауға және Қазақстаннан тыс жерлерге шығуға тыйым салынды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.