73 секундтық жылы амандасудан басталған диалог: Саясаттанушы Трамп пен Сидің кездесуін бағалады
АҚШ президенті Дональд Трамп Оңтүстік Кореяда Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Екі держава басшылары алдымен жылы амандасып, кейін келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл кездесудің алдында екі ел арасындағы қатынастар бірнеше ай бойы шиеленісе түскен еді. Бұл — екі жетекшінің 2019 жылы Жапонияның Осака қаласында өткен G20 саммитінен кейінгі алғашқы бетпе-бет кездесуі.
Әлемдік екі держава басшысы камера алдында қол алысып, жылы лебіз алмасты. Кейін олар шамамен екі сағатқа созылған жеке кездесуге кірісті. Трамп бұл әңгімені “үлкен жетістік” деп атады.
Сарапшылар АҚШ пен Қытай басшыларының 6 жылдан кейінгі алғашқы кездесуін екі ел арасындағы шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған дипломатиялық талпыныс ретінде бағалап отыр.
Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгельдинов пікір білдірді.
Сарапшы Пусан қаласында өткен кездесу туралы айта келе, оның халықаралық және аймақтық саясаттағы маңызын атап өтті.
Трамп пен Си Цзиньпиннің Пусан қаласындағы кездесуі соңғы алты жылдан кейінгі алғашқы кездесу. Бұл жерде екі елдің басшысы бір-біріне келіссөзге өтпес бұрын ілтипаттарын білдірді. Яғни Си Цзиньпинді Трамп «ұлы елдің ұлы көшбасшысы» деп атады. Және ұзақ уақытқа созылатын екі арадағы қарым-қатынасқа сенімді екенін білдірді. Ал Си Цзиньпин өз кезегінде екі ел арасында кейде туындайтын кішігірім келіспеушіліктер қалыпты құбылыс екенін айтып, Қытай мен АҚШ серіктес әрі достық қарым-қатынасты дамытуы қажет екенін мәлімдеді, - деді Қазбек Майгельдинов.
Қазбек Майгельдиновтің пікірінше, Трамп нақты мәселелерге назар аударып отырса, Си Цзиньпин диалогты кең ауқымда, ұзақ мерзімдік тұрақтылық тұрғысынан қарастырады.
Көріп отырғанымыздай, америкалық басшы өз сөзінде нақты мәселелерге назар аударатынын көрсетіп отыр. Ал қытайлық әріптестері кеңірек, яғни екі жақты қарым-қатынасты тұрақты деңгейде жүзеге асыруға мүдделі екенін көрсетіп отыр. Сондықтан менің ойымша, Трамп пен Си арасындағы жеке қарым-қатынас бұл маңызды мәселе. Өйткені көптеген жағдайда бұл елдер арасындағы қарым-қатынасқа тікелей әсер ететіні белгілі. Кездесу кезінде Си Цзиньпин телефон арқылы байланысып тұратынын да айтты. Яғни екеуі де әрдайым тамырларын басып отыратындығын көрсетіп отыр. Десек те, кездесу бойынша нәтижелерге келетін болсақ, біріншіден, енді күн тәртібі белгіленіп қойды. Бұл жерде енді сирек кездесетін металдар, кеден баждары, TikTok мәселесі, фентанил бақылау мәселесі бойынша негізгі бағыттары анықталғандығы айтылды, - деп ойын айтты сарапшы.
Қазбек Майгельдинов кездесудің өтуінің өзі үлкен нәтиже деп айтты.
Бұл кездесудің алты жылдан кейінгі өтіп отырғандығы бұл үлкен көрсеткіш. Енді сауда соғысы Трамптың бірінші президенті кезінде басталған болатын. Сондықтан қазір екінші фазасында осындай тікелей кездесуге өтіп отырғандығы екі жақ та бұл текетірестің жақсылыққа әкелмейтінін, әсіресе экономикаға келісімге келіп отырғандығын түсінгендігі. Сондықтан оң тактикалық нәтижелер болатыны белгілі. Нәтижесінде екі жақ та соған мүдделі. Дегенмен де бұл сауда соғысының аяқталғанын білдірмейді, - деп санайды ол.
Өйткені, жан-жақты сауда келісімі туралы қол қою немесе нақты нәтиже болғандығы туралы 1,5 сағаттан асқан келіссөзден шыққан екі ел басшысы ешқандай мәлімдеме жасамады.
Сарапшы атап өткендей, екі жақты қарым-қатынастың тұрақтандырылуы Қытай мен АҚШ-тың әлемдік саясат пен экономика тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Өйткені бұл – әлем бойынша бірінші және екінші нөмірлі экономика. Әлемдік сауда тізбектеріне қай бағытта болмасын тікелей әсер ететіні белгілі.
Қытай қазір “Бір белдеу, бір жол” бастамасы аясында 150-ден астам мемлекет және 30-дан астам халықаралық ұйым қатысып отырған үлкен жобаны жүзеге асырып отыр. Бұл бастамаға 10 жылдан асты. Ал Америка қанша дегенмен де қаржы саясатында және дүниежүзілік сауда тізбектеріне тікелей әсері бар ірі держава. Енді екеуінің арасындағы осындай сауда соғысының бәсеңдеуі, белгілі бір келісімдерге келуі, әрине, бұл әлемдік тұрақтылыққа жанама болса да әсер етеді.
АҚШ-Қытай келісімінің Орталық Азияға әсері қандай?
Саясаттанушының ойынша, АҚШ-пен сауда соғысының күшеюі Пекинді Орталық Азиямен байланыстарын одан әрі тереңдетуге итермеледі. Оған соңғы жылдардағы көрсеткіштер дәлел. Қазірдің өзінде Қазақстан мен Қытай арасындағы екі жақты сауда 40 миллиард доллардан асып отыр. Оны 50 миллиард долларға жеткізу мәселесі көтеріліп отыр.
Одан бөлек, жақында өткен Орталық Азия – Қытай саммитінде Қытай мен бес Орталық Азия республикасы арасында мәңгілік жақсы көршілік, достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл – Қытайдың аймаққа ерекше мән беріп отырғанының айғағы.
Қазақстан әрине, Мәскеу, Пекин, Вашингтон және Брюссель арасында теңгерімді саясатын жалғастырып отыр. Өйткені ешбір тараптың үстемдігіне мүмкіндік бермеу — стратегиялық бағыт. Осындай саясаттың арқасында біз шешім қабылдауда өз дербестігімізді сақтап келеміз. Қытай бүгінгі таңда Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің және инвесторларының бірі ретінде қандай да бір саяси-әскери қатынастардан гөрі экономикалық байланыстарға үлкен басымдық беріп отыр. Оны да естен шығармау керек. Сондықтан қазіргі таңда Орталық Азия елдері Қытаймен ынтымақтастықты нығайтуда. “Бір белдеу, бір жол” бастамасы аясында бес мемлекет те Пекинмен экономикалық қарым-қатынасқа басымдық беріп отыр, - деді Майгельдинов.
Оның пікірінше, Трамп әуелде Қазақстанға 27 пайыздық кеден бажын енгізгенмен, кейінірек оны барлық ел үшін 10 пайызға дейін төмендетті. Бұл уақытша шешім. Дегенмен осы кеден баждарын енгізу кезінде Қытай өз ұстанымын нығайтуға, яғни Орталық Азия елдері үшін АҚШ-тан гөрі сенімді серіктес екенін көрсетуге тырысты.
Сондықтан бүгінгі АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынастың тұрақтандыру әрекеттері әлемдік экономика мен жалпы саяси жүйеге қысқа мерзімде белгілі бір жеңілдік әкелуі мүмкін. Алайда бәсекелестік жалғаса береді.
Қазақстан үшін бұл жағдайда көпвекторлы дипломатияны жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар күрделі геосаяси балансты сақтау мәселесіне де ден қою қажет. Бұл өте маңызды. Қазіргі таңда біз үшін барлық ірі державамен конструктивті қарым-қатынас деңгейін төмендетіп алмау – басым бағыт, — деп түйіндеді саясаттанушы Қазбек Майгельдинов.