71 мамандық. Павлодар облысының колледждеріне 5705 грант бөлінді
Ертіс өңірінің колледждеріне келер оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 5705 орын бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Бүгін аймақтағы орта білім беру мекемелерінде қабылдау комиссиялары жұмысын бастады. Талапкерлер 71 мамандық бойынша таңдау жасай алады.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Башированың айтуынша, биыл 10 мыңнан астам оқушы 9-шы сыныпты тәмамдаған.
Оқушылардың ішінде кәсіби немесе техникалық мамандық бойынша білім алғысы келетіндер бар болуы мүмкін. Талапкерлердің құжаттары 18 тамызға дейін қабылданады. Мемлекеттік былым беру тапсырысы бойынша оқитын жастар үшін бар жағдай жасалған. Мәселен, жаңа оқу жылының басынан бастап, шәкіртақы 50%-ға өседі, яғни, орта буын мамандықтары үшін 31 422 теңгені құрайды. Ал жұмысшы мамандықтардың шәкіртақысы 32 681 теңгеге артады. Сонымен қатар, студенттер жатақхана және жылына бір рет жол өтемақысымен қамтылады. Облыс колледждерінің базасында 31 жатақхана бар, - дейді Гүлмира Баширова.
Білім сапасын арттыру мақсатында колледждер мен кәсіпорындар арасында 30 меморандумға қол қойылды. Құжат негізінде 600 студентке жұмыс орны ұсынылады.
Дуалды білім беру жүйесі бойынша оқитын жастар ақылы тәжірибеден өтіп, жалақы алады. Айлық көлемі 250 мың теңгеге жетеді. Ал тәжірибелік кезең студенттің еңбек өтілі ретінде есептеледі. Сонымен қатар, «Жас маман» жобасы шеңберінде мемлекеттік колледждердің базасында 10 құзыреттілік орталығы ашылды. Ұл-қыздарымыз бұл бизнес-инкубаторларда «WorldSkills» чемпионатына дайындалады, - дейді басқарма басшысының орынбасары.