70-тен астам жеткіншек «Соңғы қоңыраудың» соңын полицияда жалғастырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қоғамдық тәртіпті бұзуды, оның ішінде мектеп оқушыларының қатысуымен болуы мүмкін жол-көлік оқиғаларының алдын алуға қатысты жағдайды бақылау мақсатында Жамбыл облыстық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы, қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің басшылары қатарынан жедел штабтар құрылды.

«Соңғы қоңырауға» арналған іс-шаралар барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, ашық ауада ұйымдастырылды. Оған әр түлектің бір ата-анасы қатысып, шақырылғандардың барлығы әлеуметтік қашықтықты, бетперде режимін сақтап, антисептиктерді қолданды. Кафе мен мейрамханаларда мектеп бітіру кешін тойлауға немесе шақырылғандар көп жиналатын осындай іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Тараз қаласының қызыл аймақта екендігін ұмытпауымыз керек, осыған байланысты барлық ойын - сауық орындары құқық қорғау органдарының жіті назарында болады, - деп атап көрсетті облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция полковнигі Қуанышбек Қалжанов.

Аталған мереке қарсаңында облыстың барлық мектептерінде ата-аналар мен заңды өкілдер кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды болдырмауға және жасөспірімдердің бос уақытына назар аударуды күшейтуге бағытталған ата-аналар жиналысына қатысты.

Мобильді топтардың рейдтері барысында ішкі істер органдарына 72 кәмелетке толмаған бала жеткізілді, 76 ата-ана мен өзге де заңды өкілдер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін кафе-бардың 2 иесі жауапкершілікке тартылды. Дүкеннің екі иесі- алкоголь өнімдерін сату ережелері туралы ҚР заңнамасын бұзғаны үшін, 71 ата-ана кәмелетке толмаған балаларының түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаудың 1 дерегі анықталды. Тұтастай алғанда, облыс бойынша іс-шаралар өткізу барысында төтенше жағдайлар орын алған жоқ. Кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекеттерге тарту деректері анықталмады, - дейді Қуанышбек Қалжанов.

Естеріңізге сала кетсек, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қылмыстық ортаға тартуды болдырмау мақсатында ағымдағы жылдың 25 мамырында Жамбыл облысының барлық мектептерінде «Соңғы қоңырау» мерекесіне арналған іс-шаралар кезінде полиция қызметкерлері жастар көп жиналатын орындарда патрульдік қызмет жасақтарының тығыздығын күшейтті, сондай-ақ шомылу орындары бақылауға алынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы