70 мыңнан астам адам апатты жағдайдағы көпірден өтіп жүр – депутат

Жетісу облысының 70 мыңнан астам тұрғыны апатты жағдайдағы көпірлерден күнделікті өту кезінде қауіпке душар болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенатор Амангелді Толамисов өңірдің көлік-логистикалық инфрақұрылымындағы проблемалар туралы депутаттық сауал жолдады.

Жетісу облысының тұрғындары сенатормен кездесуі кезінде өздерін алаңдатып отырған бірқатар мәселелер туралы айтып берген болатын. Сондағы проблемалардың бірі – көпірлердің апаттық жағдайы.

Апаттық жағдайдағы 10 көпір арқылы 70 000-нан аса халық аудан және облыс орталықтарына қатынауда. Сонымен қоса ол көпірлер арқылы бас арнаның гидравликалық қондырғыларына, радиолокациялық байланыстармен және шекаралық бақылаумен қамтамасыз ететін әскери базаларға, автоматты газ тарату станцияларына, аэродромға, су электр станциясына, Төтенше жағдайлар министрлігінің резервтік қоймасына, санатория, балаларды сауықтыру орталықтары сияқты стратегиялық және әлеуметтік нысандарға қатынайды. Осыған орай, адам өміріне қауіпті 10 апатты көпірлерді күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджетті нақтылау кезінде қаржы қарастыруыңызды сұраймыз, - деді Амангелді Толамисов.

Сенатор сонымен қатар өңірдегі теміржол саласының проблемаларын да атап өтті. Мәселен, өткен жылдың қазан айында Текелі қаласында кірме жолдарды тиісінше күтіп ұстамау және шарт бойынша міндеттемені орындамау салдарынан көмір тиелген 3 вагон рельстен шығып кетті. Бұл апат 6 мың тұтынушы тұратын қаланы жылумен қамтамасыз етуге қауіп төндірді. Кейбір теміржол өткелдерінің жабылуы ауданаралық қатынастар мен ауылшаруашылық жұмыстарын ұйымдастыруға қолайсыздық туғызып отыр.

Өткелдің жабық болуына байланысты мектеп оқушыларын үйіне тасымалдау үшін автобус 15 шақырым жерді айналып өтеді. Лабасы ауылдық округіне қарасты өткелдің арғы бетінде 1 өндірістік кооператив және 25 шаруа қожалығы 210 гектар суармалы жерге егістік жұмыстарын жүргізеді. Бұл суармалы жерлерге жету үшін Мәмбет ауылы арқылы 18 шақырым жолды айналып өтеді. Ал, өткел ашылған жағдайда жол 1 шақырым болады, - деп атап өтті сенатор Толамисов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы