13 Қараша 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

70-ке жуық платформа, толассыз есеп: Мұғалімдердің жүктемесін неге азайта алмай отырмыз?

Педагог мәртебесі туралы заң қабылданғанына қарамастан, мұғалімдердің жұмыс жүктемесі әлі де азаймай отыр. Қағаз есептің орнына цифрлық платформалар көбейіп, ұстаздар уақытын сабаққа дайындалудан гөрі түрлі жүйелерге мәлімет енгізуге жұмсауға мәжбүр. Сонымен қатар оқушылардың мұғалімдерді балағаттап, тіпті күш қолданатын жағдайлары да қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кейінгі Жолдауында мұғалімдердің осы мәселелеріне арнайы тоқталды. Заң ұстаздарды неге толық қорғай алмай отыр? Мұғалімдердің мәртебесін қалай көтеруге болады? Бұл туралы білім беру саясаты саласындағы сарапшы, Qazaq Expert Club сарапшысы Жазира Асановамен сұхбаттастық. 

Президент Жолдауда не деген еді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында қоғамда оқу-ағарту саласындағы реформаларға қатысты түйткілдер көп талқыланып жүргенін атап өткен еді. 

Жалпы, әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, оның қызметіндегі артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек. Іс жүзінде бұл міндет толық орындалмай жатқаны жасырын емес. Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр. Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек, - деді Президент.

Мемлекет басшысы мұғалімдердің абырой-беделін қорғау қажет екенін айтты.

Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес. Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес. Әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет, - деді Президент.

Цифрландыру мұғалімнің жұмысын жеңілдетті ме?

Сарапшы Жазира Асанованың пікірінше, мәселе технологияда емес, оны басқару тәсілінде.

Бұрын мұғалім қағазға толтырған мәліметті қазір электронды жүйеге енгізіп жатыр. Бірақ сол ақпаратты кім, не үшін және қаншалықты жиі сұрайтыны өзгермесе, мұғалімнің жүктемесі азаймайды. Мысалы, бір мәлімет электронды журналда болса, оны басқа платформаға қайта енгізудің қаншалықты дұрыс екенін ойлауымыз керек. Мәселе осында. Біз цифрландырудың нәтижесін бағалаған кезде платформалардың санын, олардың тиімділігін, қанша дашборд пен база бар екенін есептейміз. Бірақ сол платформалар мұғалімнің қанша уақытын үнемдегенін санамаймыз, бағаламаймыз. Менің ойымша, мәселе осында, – дейді Жазира Асанова.

Мұғалімнің құқығын кім қорғайды?

Педагог мәртебесі туралы заңда ұстаздарға арналған бірқатар кепілдік қарастырылған. Алайда сарапшының айтуынша, заңда жазылған талаптардың іс жүзінде орындалуын бақылауды күшейту қажет.

Оның сөзінше, мектеп директоры мұғалімнің еңбек жағдайына жауап береді. Ал білім басқармалары мен білім бөлімдері заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Өйткені бұл міндеттердің барлығын бір ғана Оқу-ағарту министрлігіне жүктеу мүмкін емес.

Заңда көрсетілген кепілдіктердің орындалуын, жүзеге асырылуын бақылауды күшейту керек сияқты. Мысалы, құқық бұзушылық болса, құзыретті орган тиісті шара қолдануы қажет. Бірақ мұнда тағы бір мәселе бар. Мұғалім өзінің құқығы бұзылған кезде басшылығымен қарым-қатынасы нашарлап кетеді деп қорқып, шағымданбауы мүмкін. Яғни заңнамалық кепілдіктер мен белгіленген шектеулер бойынша шаралар көбіне мұғалім шағымданған кезде ғана жүзеге асады. Сонда оның құқығы қалай қорғалады деген сұрақ туындайды.

Әрине, мұғалімнің құқығы бұзылса, ол шағымдану арқылы қорғалуы тиіс. Бірақ ең басты мәселе – мұғалімнің шағымдануға қорқатыны. Кей жағдайда ол тіпті өзінің қандай құқықтары бар екенін де білмейді. Осы мәселелерді көбірек көтеру керек деп ойлаймын, – дейді сарапшы.

Жазира Асанованың айтуынша, мұғалімдерге заңнамалық талаптарды қарапайым тілмен түсіндіру де маңызды. Мысалы, педагогке қысым көрсетілсе, ата-аналар тарапынан құқығы бұзылса немесе жұмыс уақытынан тыс хабарламалар келсе, оның қайда жүгінуі керегін нақты білуі қажет.

Бұрын министрлік тарапынан мұғалімдерге арналған Telegram-арна ашылған болатын. Ол жерде әр педагог заңнамаға қатысты сұрақтарын қоя алатын. Біз де сол арнаны талдағанбыз. Мұғалімдер көбіне мынадай сұрақтар қоятын: «Маған қысым көрсетілсе, қайда баруым керек? Ата-ана менімен дұрыс қарым-қатынас жасамаса, қандай шара қолдана аламын? Менің құқығым бұзылса, қайда шағымданамын? Кешкі сағат алтыдан кейін маған хабарлама келсе, оған жауап беруге міндеттімін бе? Білім беру қызметкері ретінде менің міндеттерім мен талаптарым қандай?»

Осындай сұрақтарды көбірек түсіндіру керек. Сонда мұғалім өз құқығын біліп, қай кезде және қайда шағымдануға болатынын түсінеді. Бұл да көптеген мәселенің алдын алады деп ойлаймын, – дейді ол.

Сарапшы мұғалімнің құқығын қорғау мен баланың құқығын қорғау бір-біріне қайшы келмеуі керек екенін де атап өтті. Оның пікірінше, педагог құқығы бұзылған жағдайда, ең алдымен, тиісті бақылау органына жүгінгені дұрыс.

Әрбір ауданда, әрбір өңірде Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық департаменттері жұмыс істейді. Ең бірінші кезекте соларға шағымдануға болады. Олардың байланыс нөмірлері мен өкілдерінің аты-жөні министрліктің сайтында ашық жарияланған. Кейде біз қиындыққа тап болған кезде бірден әлеуметтік желіге жазамыз. Бірақ ондағы хабарламаларды әртүрлі қабылдайды. Біреулер «хайп» десе, енді біреулер ақпараттың рас-өтірігін талқылайды. Ал мұғалімдердің құқықтарын қорғауға және білім сапасын бақылауға қатысты сұрақтарға тікелей жауап беретін органға хабарласу керек.

Бұл орган жағдайды тәуелсіз зерттеп, зерделейді. Кімнің кінәлі екенін, қандай мәселе барын анықтап, қажет болса, басқа да құзыретті органдарды тартады. Менің ойымша, мәселені осылай шешкен дұрыс. Өйткені бұл жерде тәуелсіз сараптама жүргізуге мүмкіндік бар, – дейді Жазира Асанова.

Мұғалімді жұмыстан тыс уақытта мазалауға бола ма?

Мұғалімдердің жұмыс уақытынан тыс уақытта ата-аналардың хабарламаларына жауап беруі де жиі талқыланатын мәселелердің бірі. Сарапшы бұл жағдайда ата-ананы да, педагогті де түсінуге болатынын айтады. Дегенмен мұғалімнің де жұмыстан кейін жеке уақыты мен азаматтық құқықтары қорғалуы тиіс.

Бұл жерде екі тарапты да түсінуге болады. Ата-ананы да, мұғалімді де түсінуге болады. Бірақ мұғалім жұмыстан шыққаннан кейін оның да жеке өмірі, адамгершілік және азаматтық құқықтары қорғалуы керек. Егер шұғыл мәселе болмаса, сұрақты таңертеңге дейін қалдырған дұрыс деп ойлаймын. Кез келген мұғалім болсын, басқа саланың қызметкері болсын, этикалық нормалар бар. Сол нормалар сақталуы керек.

Мысалы, сынып жетекшісіне ата-ана баласының түнде дене қызуы көтерілгенін айтып, ертең сабаққа бара алмайтынын хабарласа, мұғалім оған сол сәтте жауап беруге міндетті емес. Таңертең жауап берсе де болады. Кейбір сұрақтар таңертеңге дейін күте алады. Одан ештеңе өзгермейді деп ойлаймын, – дейді сарапшы.

Мұғалім мәртебесін көтеру үшін нені өзгерту керек?

Мұғалімдердің құқығын қорғау және артық жұмыстан босату туралы көп айтылғанымен, бұл өзгерістер ұстаздардың күнделікті жұмысында сезілуі керек. Жазира Асанова білім саласында ең алдымен үш бағытқа назар аудару қажет деп есептейді.

Біріншісі – басқару мәдениетін өзгерту. Сарапшының пікірінше, мұғалімді құрметтеуді заңмен міндеттеу мүмкін емес. Бұл – қоғамда және отбасында қалыптасатын құндылық.

Заңнама бар, бірақ мұғалімді құрметтеуді заң арқылы міндеттей алмаймыз ғой. Бұл – қоғамда, отбасында қалыптасатын құбылыс. Ата-ана үйде мұғалімге қандай көзқараспен қараса, бала да ұстазға сондай көзқараспен қарайды. Егер бір жағынан мұғалімнің мәртебесін көтеру, құқығын қорғау керек деп айтсақ, екінші жағынан әкімдік немесе басқа басшылар тарапынан оны артық жұмысқа тартсақ, бұл қайшылық тудырады. Түсініспеушіліктің көбі осыдан пайда болады. Сондықтан ең бастысы – басқару мәдениетін өзгерту, – дейді ол.

Екінші бағыт – мұғалімдерден талап етілетін есептілікке толық аудит жүргізу. Сарапшы қандай платформалардың шынымен қажет екенін, қай ақпараттың маңызды екенін және оны басқа жүйелерден автоматты түрде алуға болатынын анықтау керек деп санайды.

Қандай платформалар қажет, қандай ақпарат шын мәнінде керек, қандай мәліметті басқа платформадан интеграция арқылы алуға болады? Осы есептілікке толық аудит жүргізу қажет. Менің естуім бойынша, қазір бұл бағытта зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Жолдаудан кейін білім саласында толтыруға арналған 70-ке жуық платформа бары айтылды. Қазір сол платформаларды оңтайландыру, интеграциялау мәселелері қарастырылып жатыр. Бұл жұмысқа түрлі министрліктердің өкілдері де қатысып отыр. Сондықтан бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймын, – дейді сарапшы.

Үшінші бағыт – мектептегі қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру. Яғни мұғалім, оқушы және ата-ана арасындағы құқықтар мен міндеттердің шекарасы барлығына түсінікті болуы керек.

Мұғалімнің уақытын, кәсіби дербестігін және қауіпсіздігін қорғаудан бастауымыз керек деп ойлаймын. Өйткені мектеп пен мұғалім балаларды оқытуға және тәрбиелеуге бағытталған. Ол әкімшілік есептерді тапсыру үшін құрылған мекеме емес, білім ордасы.

Мұнда үш негізгі тарап бар: мұғалім, бала және ата-ана. Олардың барлығы өзара байланыста болуы керек. Әрқайсысы өз сұрағын қоюдан қорықпауы қажет. Сонда сенім артады. Ал сенім қалыптасқан жерде мұғалімнің мәртебесі де көтеріледі, – деп түйіндеді Жазира Асанова.