7 жыл түрмеде отырған шенеунікті бостандыққа шығарып, 5 күннен кейін қайта қамады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында бюджет қаражатын жымқырды деп 12 жылға сотталған БҚО Спорт басқармасының бұрынғы бастығы Мүслім Оңдағанов жақында бостандыққа шыққан болатын. Бірақ кеше қайтадан түзеу мекемесіне жіберілді.
Қостанай облыстық сотының Facebook-тегі парақшасында хабарланғандай, Мүслім Оңдағанов 14 тамызда қалған жазасын шартты түрде өтейтін болып, бостандыққа шыққан болатын. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті Қостанай облыстық сотының апелляциялық алқасы берген.
Біз қазір үйге бет алдық. Бір ай бұрын Қостанай қалалық соты біздің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішімізді қанағаттандырды, бірақ прокурор келіспей, апелляцияға берді. Кеше 13 тамызда Қостанай облыстық сотының апелляциялық алқасының отырысы өтті, онда біз Қостанай қалалық №2 сотының шешімін қорғадық. Міне, ол кісі босатылды, - деп жазған болатын адвокаты Абзал Құспан.
Ол Мүслім Оңдағанов 7 жыл 3 ай жазасын өтегенін, бұл мерзімнің 2/3 бөлігін құрайтынын айтқан еді.
Ал 19 тамызда Қостанай облысы прокуроры Мүслім Оңдағановты мерзімінен бұрын босату туралы сот қаулысына наразылық білдірді. Сөйтіп, сот қаулы шығарып, оған сәйкес БҚО полиция департаментіне Мүслім Оңдағановты қамауға алып, қалған жазасын өтеу үшін түзеу колониясына жеткізу тапсырылды.
Айта кетейік, облыстық спорт басқармасының экс-басшысы бастапқыда мүлкін тәркілеумен 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қылмыстық топ құрды және бюджет қаражатын жымқырды деп айып тағылды. Кейін жаза 9,5 жылға дейін қысқарды.