7 жыл Президент болу бастамасы ел дамуына жаңа серпін әкеледі – сарапшы
Бұл туралы AMANAT партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Динара Сәдуақасова Президенттің "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі жиынның мақсаты — Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру ғана емес, сонымен қатар алға қойған мақсаттарымыз бен міндеттерімізге қалай қол жеткізу жолдарын анықтап, пысықтауға бағытталып отыр. Жолдау өте ауқымды болды. 5 бөлімнен тұратын Жолдауда Президент атаған мақсаттар өте ауқымды, - деп атап өтті Қоғамдық саясат институты басшысының орынбасары Тұңғыш Президенті кітапханасында өткен жиында.
Айтуынша, Жолдауда айтылған бастамалардың ел болашағы үшін маңызы зор.
Партия ұйымы болғандықтан, Жолдаудың 5 бөлімінен біз үшін ең маңыздысы — Президент ұсынған саяси бастамалар. Президенттікке бір рет қана сайлана алу, 7 жылдық мерзімнің белгіленуі. Партия тарапынан Мемлекет басшысының бастамаларын, идеяларын толықтай қолдаймыз. Өйткені 7 жылдық бірреттік президенттік — әлемде әлі аса кең таралмаған тәжірибе. Еліміз үшін бұл тәжірибе жаңа серпін береді деп сенеміз. Жаңа, әділетті Қазақстанды құруға көмектеседі. Егер (президенттікке - ред.) үміткер 7 жылға ғана сайланса, ол билікке қайта айналып келмейтінін, алдында белгіленген мерзім ғана бар екенін біледі. 7 жылдың ішінде барлық өр мақсаттары мен креативті идеяларын жүзеге асыра алады. Сонымен қатар билік бір адамның қолында ұзақ, шексіз билік орнатылмайды, - деп түсіндірді Динара Сәдуақасова.
Сондай-ақ ол халықаралық тәжірибелерді мысалға алды.
Халықаралық тәжірибелерге сүйенсек, әлем елдерінде ондай тәжірибе бар. Оңтүстік Кореяда, Албанияда, Мексикада президент тек қана бірреттік мерзімге сайланады. Біздің елдің де өз жолымыз, тарихи тәжірибеміз бар. ТМД мемлекеттері үшін — бұл саяси новелла болары сөзсіз, - деді институт өкілі.