7 жыл бойы қаңырап тұрған планшет зауыты сатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтауда 7 жыл бойы бос тұрған планшет зауытының ғимараты 105 миллион теңгеге сатылды.

Маңғыстау өңірлік коммуникациялық қызметінің хабарлауынша, бұрын ғимаратта алғашқы қазақстандық планшет компьютерлері шығарылса, 2021 жылдан бастап полипропилен қапшықтар өндірілмек. Жаңа компания химиялық және құрылыс саласындағы кәсіпорындарға арналған "БИГ-БЕГ" деп аталатын ірі өндірістік қапшықтарға басымдық береді. Инвестициялық жобаның құны 900 млн теңге. 40 жаңа жұмыс орны құрылады.

"Каспий" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқарма төрағасы Бауыржан Қайратовтың мәлімдеуінше, планшет зауыты тоқтағалы бұл ғимарат аталмыш корпорация меншігінде. Ғимаратты күзетуге және сақтауға жыл сайын 600 мың теңге жұмсап отырған. 


Сәуір айында ашық саудаға шығардық. Тендерге 4 компания қатысып, ең жоғары баға ұсынған компанияға 105 миллион теңгеге сатылды. Ғимараттың екінші тынысы ашылатын болды, - дейді Бауыржан Қайратов.

Полипропилен қапшық шығаратын зауыт директорының міндетін атқарушы Еркебұлан Баймолдиннің айтуынша, зауыт жылына 250-ден 500 мың қапшыққа дейін өндіретін болады.

Қазір аймақтағы битум, цемент, минералды тыңайтқыш сияқты көптеген затты шығаратын кәсіпорындар қажетті қапшықты шетелден сатып алып отыр. Біздің өнім шықса, импортқа деген тәуелділіктен арылады деген ойдамыз. Болашақта ішкі нарықпен қатар, экспортқа шығу да жоспарда бар, - дейді Еркебұлан Баймолдин.

Компания басшылары өндірісті келесі жылдың аяғында іске қосып, полипропилен қапшықтарды 2021 жылдан бастап шығаруды көздеп отыр.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы