7 мыңнан астам астаналық ЖВРИ жұқтырған - дәрігер
Бұл туралы Астананың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Желтоқсан айында COVID-19 бойынша барлық тіркелген жағдайлар саны – 1485. Екпе ала отырып, ауырып қалғандар – 307, І компонент – 0 адам, ІІ компонент – 211 адамды құрайды. Оның ішінде, ІІ компонентті алған күннен бастап 6 айдан астам уақыт өткен науқастар – 204, ревакцинацияланған – 96, ал 73 адамның ревакцинация алғанына 6 айдан астам уақыт өтті, - деп атап өтті бас санитар дәрігер.
Айтуынша, қазіргі уақытта Астана қаласында ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай сырқаттанушылықтың маусымдық өсуімен сипатталып отыр.
2022-2023 жылғы эпидемиологиялық маусымның соңғы 51 аптасында елордада 100 мың тұрғынға шаққанда 576,5 аурушаңдық көрсеткішімен ЖРВИ-нің 7 147 жағдайы тіркелді. Өткен аптамен салыстырғанда сырқаттанушылықтың 1 пайызға өсуі байқалады. Жас құрылымы бойынша ең көп сырқаттанушылық 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Олар барлық сырқаттанушылықтың 52 пайызды құрайды, оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар – 8,8 пайыз, жүкті әйелдер – 4 пайыз. Қаладағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау үшін 8 медициналық ұйымда тұрақты негізде эпидемиологиялық қадағалау күзеті қамтамасыз етіледі. Олар жыл ішінде тұмаудың ұқсас белгілері бар науқастардан іріктеп сынама алуды жүргізеді, - деді Сархат Бейсенова.