+7-ден +997-ге: +7-нің киелі емес, құқықтық жағын қарап жатырмыз – Мусин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте өткен Үкімет сағаты кезінде депутат Еділ Жаңбыршин Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге +997 кодына қатысты сұрақ қойды.

+7 кодының аймағында тек Ресей ғана емес, Қазақстан да кіреді. Неліктен осы кодтан бас тартуға шешім қабылданды? Біз ондаған халықаралық келісімге қол қойып, ратификациялап отырмыз. Осы ретте телефон кодына қатысты мемлекетаралық құжатқа қол қоюға не кедергі болып отыр? Қоңырау шалған кезде біздің елде идентификациялау да келісіммен болады. Техникалық тұрғыда мұны жасау оңай. Неліктен бұл жасалмаған? Қазақстан +7 телефон коды аймағында қала ма? – деп депутат министрге сұрақ қойды.

Министр Бағдат Мусин бұл сұрақты күткенін айтты. Сөйтіп ол келісімшарттың 11-бабын оқып берді.

Келісімнің ережелеріне сәйкес тараптардың кез келгені оның қолданысын тоқтату ниеті туралы хабарламаны алдын ала жібере отырып, оны біржақты тәртіппен 6 ай бұрын бұза алады. Яғни 6 ай бұрын бізге +7-ден шық деген мәселені қозғау – маңызды мәселе. Бізге шық деп бір хатпен ғана айта алады. Оған ешқандай ратификация қажет емес. Яғни Ресейден шығару туралы бір ғана хат болса, онда +7-ден шығару мүмкіндігі бар. 2006 жылы Қазақстан ведомствоаралық құжатқа қол қойды, - деді министр.

Айтуынша, Қазақстанның байланыс агенттігі мен Ресейдің байланыс министрлігі ол құжатқа қол қойған.

+7-ден басқа кодқа ауысу жарты жылда жүзеге асырылмайтын мәселе. Жарты жылда ауысып кету – ол күрделі сұрақ. Сол себепті алдымен Дүниежүзілік одақтан, Халықаралық байланыс одағынан (БҰҰ) жеке кодымызды (+997) алдым, енді Ресей тарапымен келісімшартты өзгертуге бұл толықтай сенім береді. Сондықтан мемлекеттік резервіндегі кодтың болуы қажет дүние. Бұл Ресей тарапынан емес, БҰҰ-дан берілген код. +7-нің киелі емес, құқықтық жағын қарап жатырмыз. Келіссөздерді жүргізу үшін осындай мәселені қозғадық. Ал ратификациядан өткізу үшін алдымен Ресей тарапымен келісіп алу керекпіз. Келіссөздер алдағы уақытта жүргізіледі, - деп жауап берді Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы