7 баланың анасы: Мемлекетке алақан жаюды қою керек

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Саран қаласының тұрғыны Жаңагүл Исатаева 7 баланың анасы, алтын алқа иегері. Алты жыл бұрын күйеуі қайтыс болып, бала-шағаны өзі асырап отыр. Бүгінде үлкен ұлы отан алдындағы борышын өтеп жүрген ана өзін ең бақытты ана санайды.

4 қыз 3 ұлдың анасы Жаңагүл Құлжанбайқызы күйеуі қайтыс болып, отбасының асыраушысынан айырылғанда үлкен баласы 14 жаста, кенжесі бар-жоғы бір жарым жаста болғандығын айтады. Көпбалалы ана 35 жасында жесір қалып, жеті баланы асырап, жеткізу жалғыз өзінің мойнына түссе де мойымай, мемлекетке алақан жаймағанын айтады.

Соңғы тиыныма нан алып, балаларымды сөзіммен тойғызып, оларға ішімде болып жатқан арпалыс ойларды білдірмеуге тырысатынмын. Қызым сол уақыттары ауырып, жүрегіне 4 рет ота жасалды. Көп сынақтардан өттім. Шүкір, Алланың берген сабырлығының арқасында осы күнге жеттік. Үймелі-сүймелі жеті баламен жесір қалғанымда еш жерге алақан жайып бармадым. Дегенменде мемлекет мені ұмытпады. Көпбалалы, жалғызбасты ана ретінде үнемі қолдауға, көмекке ие болып келеміз. Елімізде болып жатқан төтенше жағдай кезінде, еліміздің басына түскен сынаққа қарамастан көпбалалы, жалғызбасты аналарға көмек қолын созып, қарайласып жатқан Президентімізге, Елбасына, Nur Otan партиясына алғысымды жеткізгім келеді, - дейді көпбалалы ана.

Жаңагүл Исатаева елде төтенше жағдай жарияланғанда "мемлекеттен не аламын, елім маған не береді, қандай көмек көрсетеді" деп ойламағандығын айтады. Керісінше, осынау қиын-қыстау кезеңде халыққа көмектесуді ойлаған. 

Үйде бос отырмай, тігіншілікпен айналысатын едім. Сондықтанда, карантин уақытында маска тігуді қолға алдым. Бүгінде мұқтаж отбасыларға таратылатын бетперделерді өз қолыммен тігіп отырмын. Бетперде тігуге балаларым да көмектесіп жүр,- дейді Ж. Исатаева.

Жалғызбасты ана "Атамекеннің" Бизнес-бастау жобасының көмегімен жеке кәсібін ашып, өз ісін дөңгелетіп отыр. Өткен жылы 505 мың теңгелік грант ұтып, осы қаржыға тігіншікке қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған.

Қазір үлкен ұлым Нұр-Сұлтан қаласында "Ұлттық Ұланда" әскери міндетін атқарып жүр. Бір қыз, бір ұлым колледжде оқиды. Одан кейінгі төрт перзентім мектеп жасында. Бір қызым денсаулығына байланысты сабақты үйден оқиды. Қазір төтенше жағдайға байланысты барлық балалар үйде оқып жатыр ғой. Еліміздің басына түскен осы қиын кезеңде халықтың да сыналатын уақыты деп ойлаймын. Сондықтан да барынша қауіпсіздікті сақтап, үйде болу қажет, - дейді ана.

Төтенше жағдай кезінде Nur Otan партиясы көпбалалы отбасыларға, жалғыз басты аналарға, мұқтаж жандарға азық-түлікке қаржы үлестірген. Жаңагүл Құлжанбайқызының отбасы да осы көмекті алған.

Nur Otan-ның мен сияқты аналарға азық-түлік себетін беріп жатқанын естідім. Бірақ өзім ешқайда алақан жайып бармадым. Бірнеше күннен кейін партияның қызметкерлері хабарласып, азық-түлік себетінің қаржысын шотыма аударғандарын айтты. Әрине партияға алғысым шексіз болды. Осы карантин кезінде көмек қолын созып жатқан Саран қаласының әкімшілігіне, жұмыспен қамту орталығына да рақметімді айтамын. Осы уақытқа дейін мемлекет мені жалғыз қалдырмады, көпбалалы асыраушысынан айырылған отбасы ретінде үнемі қолдауға ие болып келдік. Енді кезек біздікі деп ойлаймын. "Мен еліме не бере аламын, қалай көмегім тиеді" деп көп ойланатын едім. Балаларым өсіп келе жатыр, олар елімнің дамуына өз үлестерін қосқанын қалаймын. Ұлым ер жетті. Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Осылайша, кішкентай болса да елге көмектесіп жатырмыз. Осыған қатты қуанамын. Арманымның орындалып, балаларым сенімімнен шыққанын қалаймын,- дейді алтын алқа иегері.

Жаңагүл Исатаева ұлының отан алдындағы борышын өтіп, елге қызмет етіп жатқанын мақтан тұтады. Оның пікірінше, әйелдер әр баланы Алланың қалауымен өздері үшін дүниеге әкеледі. Сондықтан да, ел басына іс түскен осынау заманда "жау жағадан алғанда, бөрі етектен аладының" кебін киіп, улап-шулап азық-түлік пен ақша талап еткенше, елдің осы қиындықтан өтуіне өз үлестерін қосуы қажет.

Қазір көптеген әпке-cіңілілерім "қарнымыз аш" деп әкімшіліктің табалдырығын тоздырып жүреді. Біз осы әрекетіміз арқылы болашақ ұрпағымызға кері тәрбие беріп жатырмыз. Мен өзім қарапайым малшының отбасынан шықтым. Балалық шағымызда нанның болғанына шүкіршілік ететінбіз. Қанша қиын кезеңдерден өтсек те, әке-шешеміздің үкіметтен көмек сұрағанын көрген емеспін. Үйде қарт ата-әжеміз болды. Ата-анам қарияларды қарайлағанын ешкімге міндетсінбеді. Себебі, ол ұрпақтың міндеті деген түсінікпен өстік. Ал қазір ше? Денсаулығы жоқ анасын баққаны үшін тіпті ер азаматтарда үкіметтен ақша талап етіп жүр. Мемлекетке алақан жаю арқылы ұрпағымыздың санасын улап жатырмыз. Ертең бізде қартаямыз, сонда балаларымыз бізді баққанын міндетсінбесіне кім кепіл?, - дейді Жаңагүл Исатаева.

Алтын алқа иегерінің пікірінше, елді басқарып отырған ер азаматтардың жағасынан алып, аузына келгенін айтып жүрген аналардың кесірінен ерлердің де еңсесі түсіп кеткен. Сондықтан да, мемлекетке алақан жаюды қою керек.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы