«7-20-25» жемқорлықтың ортасына айналды: Банк қызметкері 1 млн 400 мың пара сұраған

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев елдегі баспана мен үй алу бағдарламаларындағы былықты айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Менің қозғайтыным – баспана мәселесі. Бұл білесіздер, қазақстандықтардың бас ауруына айналуда. Әсіресе соңғы жылдары мәселе күрт шиеленіскендей. Баспана жайлы (мәселені – ред.) Мәжіліс мінберінен бірнеше рет көтерген едік. Үкімет тарапынан мардымды жауап болмады. Маған үнемі сырғытпа жауап келеді. Бүгінгі таңда баспана нарығы тұралап тұр. Үй алудың барлық бағдарламасы тоқырауға ұшырады. Өз депутаттық сауалымда «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларына өзгеріс енгізу, «7-20-25» бағдарламасы бойынша лимитті алып тастау, «Жас отбасы» бағдарламасы жайлы бірнеше ұсыныс айтқан едім. Бұл мәселелер әлі де өзектілігін жоғалтқан емес. «7-20-25» бағдарламасы жемқорлықтың ортасына айналуда. Бағдарлама арқылы үй алу үшін пара берушілер де көбеюде. Ал жастар мәселесінің орны бөлек, - деді депутат.

Айтуынша, республикалық жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаның қажеттігі артуда.

Елімізде баспана бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Президентіміз «Отбасы банктің» қызметін қайта қарауды, облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға басымдық беру керек деген еді. Өзгеріс қашан болады? Қашан халыққа тиімді қолжетімді бағдарлама іске қосылады? Бүгін «7-20-25»-ке лимит ашылды. 5 минутта бітті де қалды. Оқырмандардан: «Бұл не деген сұмдық» деген хаттар келіп жатыр. «Менен банк менеджері 1 млн 400 мың сұрады», «Менен 700 мың теңге сұрады» деген хаттар жіберуде. Бұл қашан тоқтайды? – деп сұрады Дәулет Мұқаев Өнеркәсіп және құрылыс министрінен.

Ведомство басшысы болса, депутатпен бірге отырып, бағдарламаларды талқылауға дайын екендігін жеткізді.

Ең алдымен, мұндай үлкен мәселені бір сұрақпен айта алмаймын. Бірақ бірнеше фактілерін сізге берейін. Мысалы, 2023 жылға мемлекет 10 мың пәтер берді. Оған 105 млрд теңге бөлінді. Келесі жылға жоспарларымыз бар. Екінші мәселе, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы жалға алуды жеңілдету үшін субсидиялау бағдарламасы іске асырылды. Тағы басқа бағдарлама бойынша мемлекет қаражат бөліп жатыр. Бірақ сіз өзіңіз білесіз, барлық халықты баспанамен қамту ету оңай емес. Егер сізде уақыт болса, сізбен бірге отырып, барлық бағдарламаны бірге қарайық, - деді Қанат Шарлапаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - Архив
Өзгелердің жаңалығы