ШҚО-да «7-20-25» бойынша ипотекалық несие алуға 500-ден астам өтініш түсті

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Шығыс Қазақстанда 9 әлеуметтік-мәдени нысан мен 15 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында айтылды.

«Биыл тұрғын үй салу және оларға қажетті инфрақұрылым тарту мақсатында 29,3 миллиард теңге бөлінеді. Оның 11 миллиардтан астамы тұрғын үй салуға бағытталады. Аталмыш соманың 7,8 миллиард теңгесі 29 көпқабатты тұрғын үй салуға жұмсалады. Биыл жыл соңына дейін межеленген 29 тұрғын үйдің 15-ін қолданысқа беру көзделіп отыр», - деді кеңес барысында сөз алған ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Әділет Тұрысбек.

Жауапты тұлғаның айтуынша, бөлінген қаражаттың 4 миллиард теңгесі 15 жалдамалы тұрғын үй салуға бағытталып, жыл соңына дейін оның жалпы саны 398 пәтерден тұратын 8-ін қолданысқа беріп қою көзделген.

«Биыл «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша 1120 пәтерді қолданысқа беру көзделіп отыр. 20 сәуірдегі жағдайға сүйенсек, аталмыш бағдарлама бойынша несие ресімдеуге екінші деңгейлі банктер арқылы 4 миллиард 150 миллион теңгеге 547 өтініш берілген. Қазіргі уақытта олардың 337 өтінішіне оң нәтиже шығарылған», - деп қосты Әділет Мақсұтбекұлы.

Бұдан бөлек, өңірде 2015 жылдан бері жалпы сомасы 55 миллиард теңгеден асатын сомаға әлеуметтік-мәдени маңыздағы 15 нысанның құрылысы жүргізілуде. Аталған соманың 24 миллиард теңгеден астамы осы уақытқа дейін игерілсе, қалған қаржыны биыл толықтай игеру жоспарланған.

«Биыл салынып жатқан құрылыстардың ішінде тоғыз нысанды қолданысқа беру жоспарланып отыр. Олардың қатарында Өскемен қаласындағы 1000 орындық екі мектеп, Тарбағатай ауданының Ақжар ауылындағы 600 орындық бір мектеп пен Өскемен қаласының Согра ауданындағы білім ордасының қосымша ғимараты, 200 орындық қалалық балалар ауруханасы, Абай ауданының Кеңгірбай би ауылындағы клуб үйі, Семей қаласындағы «Абай-Арена» көпсалалы кешені, Глубокое ауылындағы Денешынықтыру-сауықтыру орталығы бар», - деді жауапты тұлға.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы