7-20-25. Биыл Шымкентте 26 тұрғын үй беріледі
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Шымкентте «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 26 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл үйлерді «7-20-25» бағдарламасы арқылы алуға болады. Жыл соңында лентасы қиылатын 26 тұрғын үйде барлығы 1164 пәтер болады.
12,7 млрд теңге бөлінген
Шымкент қаласының Құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаевтың айтуынша,аталған тұрғын үйлерді салу үшін бағдарламаның операторы – “Баспана” АҚ-нан 10 млрд теңге және жеке инвесторлардан 2,7 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
«Жыл соңына дейін, дәлірегі желтоқсан айында нысандар пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жеке инвесторлар өздерінің құрылысқа құйған қаржысының үлестік пәтерін алады. Сөйтіп, хабарландыру беріп екінші деңгейлі банктер арқылы оны "7-20-25" бағдарламасымен өткізеді. "Баспана" АҚ-ның үлесіндегі пәтерлер де сол бағдарламамен үлестіріледі. Бірақ мұнда тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, көп балалы отбасыларға басымдылық беріледі», -дейді Әбілсейіт Рабаев.
«Shymkent» ӘКК» АҚ-мен «7-20-25» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан тұрғын үйлердің жалпы ауданы 73 мың шаршы метрден асады.
Тұрғын үйлер қайда салынып жатыр?
Бұл тұрғын үйлер қайда салынып жатқанына тоқталсақ. Бағдарлама аясында құрылысы жүргізіліп жатқан үйлер 2 кезеңге бөлінген.
1 кезеңде "Тұран" мөлтекауданындағы 9 қабатты 2 тұрғын үйді және "Қаратау" ауданы 192 орамдағы 5 қабатты 6 үйді тапсыру жоспарланыпты.
Құрылысын "Бек Строй Сервис" ЖШС жүргізеді . Жалпы ауданы 8960,28 ш.м құрайтын бұл үйлерде 1, 2 және 3 бөлмелі, барлығы 126 пәтер болады.
- 1 бөлмелі - 37,87 ш.м;
-2 бөлмелі - 63,42 ш.м;
- 3 бөлмелі - 72,50 ш.м.
Бұдан бөлек көпқабатты тұрғын үйлерге жапсарласып, әлеуметтік, тұрмыстық, сауда-саттық және ойын-сауықтыру орталықтары да салынады.
Бұл тұрғын үйлер "Екі жұлдыз" тойханасының қарама-қарсы орналасады.
Ал "Қаратау" ауданы 192 кварталдағы 5 қабатты 6 үйдің сметалық құны - 2970420 теңгені (әр үйге 495070 тг) құрайды. Құрылысты "АрхПроект-1" ЖШС өз қолына алған. Жалпы ауданы 16000,8 ш.м құрайтын үйде 240 пәтер болады.
-1 бөлмелі - 40,48 ш.м;
- 2 бөлмелі - 59,20 ш.м;
- 3 бөлмелі - 74.32 ш.м
Құрылыс жұмыстарының 2 кезеңінде "Тұран" мөлтекауданында тағы да 6 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. Бұл тұрғын үйлердің құрылысы аяқталғанда 350 пәтер өз иесін табады. Сондағы пәтерлердің ауданы:
- 1 бөлмелі - 37,87 ш.м
- 2 бөлмелі - 63,42 ш.м;
- 3 бөлмелі - 72,5 ш.м құрамақ.
Бұл үйлер де "Екі жұлдыз" тойханасының қарама-қарсы бетінде орналасады.
"Қаратау" ауданы, "Асар-2" шағынауданы №3196 А, 3196 жер телімдерінде 5 қабатты 10 тұрғын үй бой көтереді. Нәтижесінде 300 пәтер пайдалануға беріледі.
- 1 бөлмелі - 43,75 ш.м;
- 2 бөлмелі - 57,13 ш.м;
- 3 бөлмелі - 78,89 ш.м.
Құрылысын "Корпорация Ақ Ордабасы" ЖШС жүргізуде.
Бұдан бөлек "Қаратау" ауданы, 178 квартал, №36 жер телімінде 9 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Пәтер ауданы - 15225 ш.м құрайтын бұл үй 192 пәтерлі болады.
- 1 бөлмелі - 40,31 ш.м;
-2 бөлмелі - 73,81 ш.м;
- 3 бөлмелі - 84,46 ш.м;
- 4 бөлмелі - 111,32 ш.м құрайды. Бұл үйлерді "Корпорация Сити-Строй" ЖШС салып жатыр.
1 шаршы метрі 190 мың теңгеден басталады
Тапсырысқа жыл соңында берілетін бұл пәтерлердің 1 шаршы метрі 190 000 – 210 000 теңге аралығында болады. Таңдаған пәтер құнының 20 пайызы болса, қалған қаржыны банк арқылы "7-20-25" бағдарламасымен 7 пайызға, 25 жылға дейін рәсімдеуге болады.
Айта кетейік, Шымкентте бұл бағдарлама бойынша 8 банк қызмет көрсетеді. Олар:
- "Халық банкі",
-"RBK банкі",
- "Eurasia банкі",
- "Forte bank",
-"Цеснабанк",
-"АТФ банк",
-"Банк центр кредит",
- "Сбербанк".
"Баспана" АҚ немесе жеке инвесторлардың қаржысына салынған пәтерлердің бағасында ешқандай айырмашылық болмайды. "7-20-25" бағдарламасының ережесіне сәйкес, таңдаған үйдің құны 25 млн теңгеден аспауы керек. Одан арзандары құпталады.
Сондай-ақ, Шымкент қалалық құрылыс басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, жоғарыда аталған 26 тұрғын үйден бөлек, биыл жеке инвесторлардың есебінен тағы 49 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Жалпы ауданы 190 мың шаршы метрден асатын үйлерде 1919 пәтер бар.
Аталған тұрғын үйлер жеке салушылар тарапынан салынып жатыр. Бұл үйлер де «Баспана» ипотекалық компаниясының 7-20-25 бағдарламасы, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы не тағы басқа да механизмдер арқылы сатылымға шығарылады.