"7-20-25" бағдарлама аясында үйлі болған тұрғындар саны артып келеді

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде экономиканың жаңа серпін алып отырған маңызды саласының өкілдері – құрылысшылардың ерен еңбегінің арқасында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, небір зәулім ғимараттар бой көтеруде. Жамбыл облысы әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаровтың пікірі осындай.

Соның арқасында Жамбыл өңірінде құрылыс жанданып, тұрғындар жаңа стандарттар мен заманауи дизайнға бой үйретіп жатыр. Жалпы, заман ағымына қарай адам талғамы да едәуір артып, жайлы қоныс, жайлы тұрмысқа бейімделіп келеді. Ал жайлылық дегеніміз – ең алдымен тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі. Осы бағытта қабылданған "Нұрлы жер" және "Нұрлы жол" бағдарламалары аймақта табысты іске асуда. Мемлекет басшысының Жолдауында бұл бағдарламаларға кеңінен тоқталуы, оның қаншалықты маңызды екенін айқындай түседі, - деді ол.
Жауапты маманның айтуынша, былтыр Жамбыл облысында 507,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,2 %-ке өскендігін көрсетеді. Ал "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында облигациялық құнды қағаздар шығару арқылы 1460 пәтерлі, жалпы ауданы 111,1 мың шаршы метрді құрайтын 21 несиелік тұрғын үй салынған.

Жыл соңында жалпы алаңы 73,8 мың шаршы метрді құрайтын 980 пәтерлі 13 көпқабатты тұрғын үйі пайдалануға беріліпті.

Осы бағдарлама шеңберінде республикалық және облыстық бюджет есебінен 658 пәтерлі 9 көп қабатты арендалық тұрғын үй салынып, 528 пәтерлі 7 көпқабатты тұрғын үй тапсырылды. Қалған 2 үй биыл ел игілігіне ұсынылады. Ал жеке инвестиция есебінен 523 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, 89 пәтерлі 2 тұрғын үй пайдалануға беріліп отыр. "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 15-шағын ауданда 3 типтік жоба бойынша жеке тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жалпы соғылатын 255 жеке тұрғын үй құрылысын 4 мердігер атқаратын болады, - деді басқарма басшысы.

Жайықбай Шалдаровсонымен қатар, бағдарлама аясында іске асырылатын 15 жобаның 13-ін биыл аяқтап, 2877 жер телімі жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін кезектегі азаматтарға таратылатынын айтты. Жергілікті әкімдік тарапынан тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларды жатақханалармен қамту жұмысы да қолға алынып отыр екен. Көп балалы аналарға республика бюджетінен бөлінген 1,6 миллиард теңгеге 212 пәтер сатып алынған. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2,4 миллиард теңгеге 612 пәтерлі 12 жатақхананың құрылысы салынуда. Оның ішінде 388 пәтерлі 7 жатақхана пайдалануға берілген.

"Нұрлы жер" бағдарламасының жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған қанатқақты жобасының аясында мемлекет салымшыларға тиесілі 10 сотық жерді ғана беріп қоймай, сол жер телімінде тұрғын үй салуға да көмектеседі. Ол үшін арнайы субсидия да қаралған. Ипотекалық негізде де тұрғын үй салуға, сатып алуға болады. Сонымен қатар, Елбасының "100 нақты қадам" – Ұлт жоспарында айтылған "7-20-25" бағдарламасы аясында үйлі болған қала тұрғындарының саны жыл санап артып келеді, - деп жалғады сөзін әкімдік өкілі.

Оның сөзінше, "7-20-25" бағдарламасына қатысу ниетімен екінші деңгейлі банктерге түскен 581 өтініштің 326-ы қолдау тауып, 302 азамат 2 035,9 миллион теңгенің несиесін рәсімдепті. "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша барлығы 3 497 миллион теңге қаражатқа 406 азамат, оның ішінде көпбалалы аналар – 137, толық емес отбасылар – 218, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылар үшін 51 тұрғын үй сатып алынған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы