67 мыңға жуық павлодарлық тұмауға қарсы екпе алды

Ертіс өңірінің 67 мыңға жуық тұрғыны тұмауға қарсы екпе алды. Бұл облыс тұрғындарының 8,8%-ын құрайды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанованың айтуынша, аймақта тұмау жұқтыру деректері тіркелген жоқ. Эпидемиологиялық маусым басталғалы ЖРВИ жұқтыру жағдайларының маусымдық өсуі байқалуда.

Аймақта ЖРВИ жұқтыру бойынша 27 мыңға жуық факті анықталды. Ал былтырғы көрсеткіш 30 мыңнан асып жығылған. Өңірде вирустың таралуы мониторингі нәтижесінде апталық бақылау деңгейі артқан жоқ. Ауырып қалғандардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар болып шықты. Бас-аяғы 17 мың жеткіншек вирус жұқтырды. Эпидемиологиялық маусым басталғалы 250 адам ауруханаға жатқызылып, ем қабылдады. Сонымен қатар, 170 науқасқа пневмония диагнозы қойылды, - дейді Зәмзәгүл Дощанова.

Мониторинг барысында 262 зерттеу жүргізілген. Тұмау вирусы бойынша оң нәтиже анықталмады. Алайда тұмау емес вирустардың қатарындағы парагрипп, риновирус, бокавирустар мен аденовирустар тіркелді. Ал жыл басынан бері коронавирустық инфекцияны 81 адам жұқтырды.

Мамандардың айтуынша, вирустық инфекциямен күресудің ең тиімді жолы - ұжымдық иммунитет қалыптастыру, яғни екпе салу. Иммундау шаралары мемлекет бюджеті мен кәсіпорындар есебінен жүзеге асырылуда. Осы уақытқа дейін үш мыңға жуық азамат жұмыс берушілері тарапынан екпе алған. Биыл облыста 90 мың доза вакцина сатып алынған.

Облыстағы медициналық ұйымдарда 300-ден астам екпе кабинеті жұмыс істейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ - архив
Өзгелердің жаңалығы