6,5 трлн теңге қайда жұмсалады? Үкімет ауқымды құрылыс жоспарын жариялады
Қазақстанда Инфрақұрылымды дамыту қоры аясында жалпы құны 1,5 трлн теңгеге 262 жоба мақұлданды. Оның ішінде 122 жобаны іске асыруға 497 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет үйінде Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында берілген тапсырмалар шеңберінде экономиканың нақты секторын дамыту мәселелеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, Президент 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялаған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым жобаларын іске асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталады.
Ол бұл жұмыстардың басталып кеткенін атап өтті.
Құрылған Инфрақұрылымды дамыту қоры аясында жалпы сомасы 1,5 трлн теңгені құрайтын 262 жоба мақұлданды. Бірінші кезекте қомақты қаражат әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталуда. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында жалпы 344 млрд теңгеге 41 жоба іске асырылады. Бұл қаражатқа жаңа ауруханалар, емханалар, перинаталдық орталықтар мен перзентханалар салынады, – дейді Нұрлыбек Нәлібаев.
Оның сөзінше, мәдениет, туризм және спорт салаларын дамытуға 266 млрд теңге бағытталып, 23 нысан салынады. Олардың қатарында спорт кешендері, мәдениет сарайлары, театрлар және басқа да әлеуметтік маңызды нысандар бар.
Білім беру саласында мектептер мен көпфункционалды кешендердің құрылысын қоса алғанда, 101 млрд теңгеге 28 жоба іске асырылады.
Ал көлік инфрақұрылымын дамытуға 369 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа бірқатар жол қайта жаңғыртылып, жаңа автомобиль жолдары мен көпірлер салынады. Жалпы 48 жобаны іске асыру жоспарланған.
Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға 284 млрд теңге бағытталып, 55 нысан қамтылады. Олардың қатарында магистральдық су құбырлары, тазарту құрылыстары, қорғаныс бөгеттері мен су бөгеттері бар.
Сонымен қатар жылумен және газбен жабдықтау жүйелерін дамыту бойынша 67 жобаны іске асыруға 136 млрд теңге қарастырылған.
Бұл қағаз бетіндегі ғана жоспар емес. Осы 122 жобаны іске асыруға қазірдің өзінде нақты 497 млрд теңге қаржы бөлінді. Инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталатын 6,5 трлн теңгенің барлығы Үкіметтің қатаң бақылауында болатынын ерекше атап өткім келеді! – деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.