6,5 триллион теңге қайда жұмсалады: Мәслихат депутаттарына жаңа міндет жүктеледі
Қазақстанда құрылыс саласына 6,5 триллион теңге бөлінеді. Оның 90 пайызы өңірлердегі жобаларды жүзеге асыруға бағытталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осыған байланысты мәслихат депутаттары әлеуметтік нысандардың құрылысын алғашқы кезеңнен бастап бақылауға белсенді қатысуы қажет.
Бұл туралы Құрылтай депутаты Илья Теренченко «TALQYLAU» диалог алаңында Қоғамдық саясат Институты «Сайлау – 2026: биліктің жаңа архитектурасындағы мәслихаттар» тақырыбында сараптамалық талқылауда мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа шақырылымдағы мәслихат депутаттарының алдында маңызды міндеттер тұр. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы құрылыс нысандарының сапасы мен уақытылы пайдалануға берілуін бақылау өзекті.
«Биылғы ауқымды құрылыс жылында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының – облыстық, қалалық және аудандық өкілдердің жұмысқа алғашқы күннен бастап кірісуі маңызды. Өйткені әлеуметтік саладағы құрылыс нысандарының барлығы дерлік өңірлерде салынады. Сондықтан депутаттар олардың жүзеге асырылуын бақылауға белсенді араласуы керек», – деді Илья Теренченко.
Депутаттар құрылыс нысандарын қалай бақылай алады?
Спикердің пікірінше, мәслихат депутаттары құрылыс барысын тек нысан пайдалануға берілген кезде емес, іргетасы қаланған сәттен бастап бақылауы қажет. Ол үшін мәслихаттар жанынан арнайы мониторинг топтарын құруға болады.
Оның айтуынша, мұндай жұмыс топтарын қалыптастыруға заңнамалық негіз бар. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңның 21-бабының 2-тармағында жұмыс топтарын құру мүмкіндігі қарастырылған.
«Бақылау сараптамалық сипатта болуы керек. Ол іргетас қаланған сәттен бастап құрылыс жұмыстарының әр кезеңін қамтуы қажет. Көктемде еліміздің барлық өңірінде құрылыс маусымы басталған кезде мәслихат депутаттары осы жұмысқа белсенді араласуы маңызды», – деді ол.
Илья Теренченко құрылыс саласына бөлінетін қаражаттың көлеміне де назар аударды. Оның сөзінше, 6,5 триллион теңгенің 90 пайызы өңірлерге бағытталады. Сондықтан халық сайлаған депутаттар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттердің орындалуына бақылау жасауға тиіс.
Мәслихат депутаттарының басты міндеті қандай?
Құрылтай депутаты мәслихат жұмысының негізгі бағыттарының бірі – жергілікті бюджетті бекіту және оның жұмсалуын бақылау екенін атап өтті.
«Депутаттардың негізгі өкілеттіктерінің бірі – бюджетті бекіту. Алдағы 2027, 2028 және 2029 жылдарға арналған бюджеттерді қарау кезінде өңірлік шығыстардың барлық баптары комиссия отырыстарында талқыланады. Мәслихат депутаты кез келген комиссияның жұмысына қатысып, өз ұсыныстарын енгізе алады», – деді спикер.
Сонымен қатар ол депутаттар үшін халықпен кері байланыс орнатудың маңызы зор екенін айтты. Оның пікірінше, сайлау округіндегі тұрғындардың нақты қажеттіліктері депутаттардың жұмысы мен сайлауалды бағдарламаларының негізіне айналуы керек.
Бұл ретте ардагерлер кеңесімен және жастармен жүйелі жұмыс жүргізу маңызды. Өйткені жергілікті тұрғындар өз округіндегі жол, жарықтандыру, су басу қаупі, мектептер мен ауруханалардың тапшылығы сияқты мәселелерді жақсы біледі.
Тұрақты комиссиялардың жұмысын күшейту қажет
Илья Теренченко мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың жұмысын да жетілдіру керегін айтты. Заңнамаға сәйкес, олардың саны жетіден аспауы тиіс. Сондықтан әр комиссия белгілі бір стратегиялық бағытқа басымдық бергені жөн.
Мәселен, денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандарының құрылысы мен жастарды қолдау мәселелерін жеке бағыттар бойынша қарастыруға болады.
Ол Павлодар облыстық мәслихатындағы азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін сақтау және бизнесті қорғау жөніндегі комиссияның жұмысын оң тәжірибе ретінде атап өтті. Сондай-ақ жастарды, спорт пен мәдениетті қолдауға арналған жеке комиссия құру әлеуметтік салаға жауапты комиссиялардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Спикердің пайымынша, мәслихат депутаттарының жұмысы сайлауалды уәделерді орындаумен ғана шектелмеуі керек. Олар бір, екі немесе үш жылдан кейін сайлаушылар алдында есеп беріп, атқарған жұмысы мен нақты нәтижелерін көрсетуге міндетті.
«Ең маңыздысы – халықпен кері байланыс орнату. Қандай нысандар қажет екенін, тұрғындарды қандай мәселелер толғандыратынын анықтау керек. Депутат сайлаушыларының алдында есеп беріп, қандай жұмыс атқарғанын және қандай нәтижеге қол жеткізгенін көрсетуі тиіс», – деп түйіндеді Құрылтай депутаты.