Вице-министр: Жыл соңына дейін 643 ауыл интернет желісіне қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Төтенше жағдай уақытындағы интернет желісінің жұмысына қатысты өткен онлайн-брифинг барысында айтылды. 

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов бүгінгі күні төтенше жағдай кезінде интернет жүйесі ең қажетті құрал болып отырғанын айтты. Ол  әлеуметтік желілерде халық тарапынан интернеттің сапасына қатысты көптеген сұрақ туындап отырғанын да жасырмады. 

Осыған байланысты интернеттің үздіксіз және сапалы жұмыс жасауын қамтамасыз ету мақсатында еңбек етіп жүрген алдыңғы қатарлы байланыс операторлары басшыларымен бірлесіп, интернеттің бүгінгі жағдайы туралы брифинг өткізуге бел будық. Біздің министрліктің салалық мемлекеттік орган ретінде негізгі міндеті – әрбір қазақстандықты жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігімен қамтамасыз ету, телекоммуникация қызметтері нарығын арттырып, қызметтердің басқа да түрлерін ұлғайту, тұтынушылардың сұранысын жабу, ел экономикасын көтеру. Осы орайда айтылған міндеттерді орындау мақсатында байланыс операторларымен бірлесе отырып, бірқатар жоба іске асырылуда. Қолданыстағы байланыс туралы заңға сәйкес, байланыс операторлары өз қаражаттары есебінен, байланыс жүйелерін салу және дамытуды іске асырады. Бұл жұмыс  2018 жылы басталған болатын. Екі жыл ішінде бірқатар шаруа атқарылды. Жалпы, 1200 ауылды интернет желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде, - деді ол. 

Вице-министр бүгінгі таңда жұмыс 50 пайызға орындалып,  607 ауыл интернетке қосылғанын айтты.

Алдағы уақытта жұмыс одан әрі жалғастырылады. Жыл соңына дейін қалған 643 ауыл интернет желісіне қосылатын болады. Осындай қиын сәтте ел қажеттілігін қамтамасыз етудегі барлық мүмкіндікті жасап жатқан байланыс саласының басшылары мен мамандарына алғыс білдіргім келеді, - деді Дарын Тұяқов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы