ШҚО-да көпбалалы отбасылардың балаларына 6200 грант бөлінбек

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыста көпбалалы және ерекше білім қажеттілігі бар бүлдіршіндерді тәрбиелеп отырған отбасылардың балаларын балабақшаның тамаққа төленетін ақысынан босату мақсатында 200 миллион теңге қарастырылған. Бұл жөнінде облыстық әкімдікте өткен кеңес барысында хабарланды.

«Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 200 миллион теңге қарастырдық. Мемлекеттік балабақшаларда тәрбиеленіп жатқан 2435, жекеменшік балабақшалардағы 474, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар 609 бүлдіршін балабақша ақысынан босатылды», - деді кеңес барысында облыс әкімі Даниал Ахметов.

Бұдан бөлек, өңірдегі аз қамтылған көпбалалы отбасылардан шыққан балалар мен 9-11 сынып түлектерін қолдау шараларына талдау жүргізілді. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, бүгінгі күні өңірде мұндай 1087 бала бар.

«Қажетті мамандықтар бойынша барлық балаға техникалық және кәсіптік білім алу мүмкіндігін жасау мақсатында 6200 орын мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына сәйкес 1730 орын қарастырылды. Қазіргі уақытта аудан, қалалардың білім бөлімдері көпбалалы отбасылар балаларының колледждерді, мамандықтарды таңдауы бойынша тізімді жасауда. Аталмыш деректер кейін грант орындарын анықтау барысында назарға алынатын болады», - деп қосты Әсем Нүсіпова.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін жалпы, техникалық және кәсіптік оқу жүйесінде жұмысшы мамандықтарды даярлауға бөлінетін гранттар санының соңғы екі жылда ұлғайғанын хабарлаған болатынбыз. Атап айтсақ, биыл оқуға жаңадан қабылданған 6200 балаға 4,5 млрд теңге бөлінсе, оның бір бөлігі азтқамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына шәкіртақы төлеуге және тамақтандыруға бағытталмақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы