29 Шілде 2026, 19:54 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

62 млн теңге қарызы бар қазақстандық жүргізуші куәлігінен айырылды

Табысын жасырған борышкерлер жауапқа тартылды.

Қазақстанда 62 миллион теңгеден астам берешегі бар борышкердің жүргізуші куәлігінің қолданылуы уақытша тоқтатылды.

Бұған дейін жеке сот орындаушысы сотқа борышкердің арнайы құқығын – көлік құралын басқаруды уақытша шектеу туралы ұсыныспен жүгінген болатын. Оған ірі соманы өндіріп алу туралы сот шешімінің ұзақ уақыт бойы орындалмауы негіз болды.

Жүргізуші қандай сылтау айтты?

Сот анықтағандай, қабылданған шараларға қарамастан, қарыз әлі күнге дейін өтелмеген. Азаматқа қатысты түрлі ықпал ету шаралары қолданылды: мүлкіне шектеу қойылды, инкассалық өкімдер жіберілді, елден шығуға шектеу енгізілді, сондай-ақ мүлікке іздеу жүргізілді.

Борышкердің өзі жүргізуші куәлігі жұмыс үшін қажет екенін және ол табыс көзі болып табылатынын алға тартты. Дегенмен, ол бұл мән-жайларды құжат жүзінде дәлелдей алмады.

Сот та шешімнің ұзақ уақыт бойы орындалмауын түсіндіре алатындай дәлелді себептерді анықтаған жоқ.

Борышкердің жүргізуші куәлігі уақытша шектелді

Кассациялық сотта заңнама борышкер дәлелді себептерсіз қомақты соманы өндіріп алу туралы сот актісін орындамай, бірақ арнайы құқықты пайдалануды жалғастырған жағдайларда көлікті басқару құқығын уақытша шектеуге рұқсат беретінін атап өтті.

Бұған дейін қабылданған шаралар сот шешімінің орындалуына қол жеткізуге көмектеспегендіктен, жүргізуші куәлігін уақытша шектеу заңды деп танылды.

Кассациялық қарау нәтижесі бойынша борышкердің шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды, ал бірінші және апелляциялық инстанция соттарының шешімдері өзгеріссіз қалды.

Мүлкімен алименті өтелді

Бұған дейін Ақтауда борышкерлердің мүлкі алиментті өтеуге бағытталған болатын.

Қала прокуратурасы алимент бойынша қарыздарды өндіріп алу және қаражатты мемлекет кірісіне қайтару бойынша жұмыс жүргізді.

Жыл басынан бері қабылданған шаралардың арқасында балалардың пайдасына 82,3 миллион теңге сомасында алимент бойынша қарыз өтелді.

Міндеттемелерді орындау үшін борышкерлердің мүлкі, соның ішінде пәтер, екі жер телімі және екі автокөлікті пайдалануға тыйым салынды.

Табысын жасыратындар жауапқа тартылды

Сондай-ақ табысын жасырғаны және алимент төлеуден жалтартқаны үшін 41 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы 15 борышкерге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Атап айтқанда, прокурорлық қадағалау актілері бойынша мемлекет кірісіне 46,8 миллион теңге түсті.