600 мың теңге кімге бұйырады: «Кітап оқитын ұлт» марафонының жүлдесі белгілі болды
Марафонға 345 кітап енді: оның 173-і қазақша, 172-сі орысша. Жүлдегерлерге 600 мың теңгеге дейін сыйақы беріледі.
«Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны аясында оқылатын кітаптардың тізімін 15 адамнан тұратын арнайы комиссия бекіткен. Жалпы тізімге 345 шығарма енсе, оның 173-і қазақ тілінде, 172-сі орыс тілінде. Бұл туралы «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков ОКҚ баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, кітаптарды іріктеу кезінде бұған дейін жалпыұлттық сауалнама арқылы анықталған шығармалар да ескерілген.
Естеріңізде болса, елімізде жалпы халықтық дауыс беру арқылы 100 кітап анықталған болатын. Сол 100 кітаптың ішінде 42 кітап біздің жобаның тақырыбына сәйкес келді. Осы 42 шығарманы марафонның кітаптар тізіміне қостық, – деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Оның айтуынша, тізімде халықаралық деңгейдегі бестселлерлермен қатар, Нобель сыйлығының лауреаттары жазған шығармалар да бар.
Соның бірі – Қытай азаматы, қытай жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Мо Ян. Ол жақында бізге жылы лебізін білдіріп, арнайы бейнежолдауын жолдады, – деді ол.
Өңірлерде 160 адам марафонды ұйымдастырады
Марафонды өңірлерде жүйелі әрі сапалы ұйымдастыру үшін жергілікті әкімдіктердің қолдауымен арнайы жобалық кеңселер құрылған.
Бүгінде марафонды ұйымдастыруға және іске асыруға жауапты 160 адамнан тұратын команда өңірлерде жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның 20 өңірінің әрқайсысында сегіз адамнан жобалық офис құрылған.
Жобалық кеңсе құрамына білім беру саласының үш маманы, мәдениет басқармасы мен кітапханалардан екі қызметкер, жастар саясаты саласынан бір маман және ақпараттық қолдау бағытына жауапты ішкі саясат саласының бір өкілі кіреді. Сегізінші қызметкер – өңірлік жобалық кеңсенің жетекшісі.
Кітапханашылардың бұл жерде атқаратын рөлі ерекше. Олар кітап оқуға мүдделі адамдардың кітапханаға келуіне, жаңа оқырмандардың тартылуына мүдделі, – деді қор төрағасы.
Оның айтуынша, жобалық кеңселерде тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Әр өңір өз жобалық офисінің жетекшісін тағайындаған.
Сонымен қатар жоба аясында барлық өңірдің әкімдіктерімен, Ішкі істер министрлігімен, Ғылым және жоғары білім министрлігімен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен, Қазақстан Жазушылар одағымен, сондай-ақ Yandex Books және басқа да цифрлық кітап платформаларымен әріптестік орнатылған.
Марафонның жүлдегерлері қанша алады?
Марафон қорытындысы бойынша жүлдегерлерге ақшалай сыйлық беріледі.
Бірінші орын иегеріне – 600 мың теңге, екінші орын иегеріне – 450 мың теңге, үшінші орын алған қатысушыға 300 мың теңге табысталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба тек жүлде үшін өткізілетін бір реттік акция емес. Оның негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін жүйелі түрде қалыптастыру.
Басты мақсатымыз – белгілі бір кезеңде кітап оқыған адамдардың санын арттыру ғана емес. Кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдыру, оқу мәдениетін қоғамның барлық деңгейінде қалыптастыру және кітапты отбасы мен қоғамды біріктіретін ортақ құндылыққа айналдыру, – деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Оның айтуынша, осы мақсатқа жету үшін марафонды тұрақты әрі жүйелі жоба ретінде дамыту көзделіп отыр.