600 мыңға жуық адамды спортпен айналысуға тарту жоспарда бар – министр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен "Бұқаралық спортты дамыту бойынша кешенді жоспардың жүзеге асырылуы туралы" атты онлайн брифинг барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты.
Бүгінгі таңда ауылдық жерлерде 1345 маманға қажеттілік болып отыр. Бұл шара әсіресе, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Осы шараларды іске асыру нәтижесінде 600 мыңға жуық адам дене шынықтыру мен спортпен айналысуға тартылады. ҚР Президентінің жолдауын іске асыру аясында ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, педагог қызметкерлердің жалақысы 2020 жылдан 2023 жылға дейін жыл сайын 25 %-ға өсетін болады. Бұл ұлғайту қосымша білім беретін педагогтарға, яғни, балалар, жасөспірімдер, спорт мектептері мен спорттық мектеп интернаттардың жаттықтырушы, оқытушыларына да бағытталған, - деді министр.
Онайн брифингте Ақтоты Райымқұлова жалпы білім беретін мектептердің спорт залдарында балаларға арналған спорт секцияларының жұмысын ұйымдастыру қарастырылып жатқанын жеткізді.
Бүгінгі таңда министрлікте 101 спорт федерациясы аккредиттелген. Оларға қосымша 10 мыңнан астам спорт түрлері бойынша секциялар ашуға мүмкіндік берілмек. Нәтижесінде 300 мыңға жуық бала түрлі секцияларда шұғылдана алады. Сондай-ақ, спорт түрлері бойынша студенттер мен оқушылар лигаларының санын арттыру жоспарланып отыр. Бүгінде аталған лигалар 7 спорт түрі бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен, аудандық, қалалық, облыстық және республикалық деңгейде өткізіліп келеді. Лигаға 1,5 миллион оқушы мен студент тарту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда елімізде 579 балалар, жасөспірімдер клубы және 107 балалар, жасөспірімдер дене шынықтыру клубы жұмыс істейді. Тиісінше, балалар, жасөспірімдер клубы санын 700-ге дейін, ал, балалар, жасөспірімдер дене шынықтыру клубы санын 340-қа дейін арттыру жоспарда бар. Бұл шара спортпен шұғылданушылар санын 100 мың адамға ұлғайтады, деп болжап отырмыз, - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін министр 2020-2025 жылдарға арналған бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді жоспар әзірленгенін айтқан болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы