600 млн қарыз, 20 жыл жаңармаған жүйе: Өскемен трамвайлары неге тоқырауға ұшырады

Өскемендегі трамвай шаруашылығының жай-күйі соңғы көп жылдан бері қала тұрғындары үшін ең өзекті әрі ауыр мәселелердің бірі болып қалып отыр. Жолаушылар ескі вагондарға, жол үстіндегі қатты селкілдеуге және қозғалыстың кенет тоқтап қалуына жиі шағымданады. Қыста бұл қиындықтарға аяз бен қар қосылып, трамвайлар бұрынғыдан да жиі істен шығады. BAQ.KZ-тің ресми сауалына жауап берген Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі өз ұстанымын білдірді. Ал қоғам белсенділері атқарылып жатқан шаралар әзірге жеткіліксіз екенін, көптеген мәселе жүйелі сипат алғанын айтады.

Қоғам белсендісі Роман Честных қаланың трамвай жүйесінің қазіргі жағдайына 10 балдың 4-іне ғана лайықты деген баға береді. Оның айтуынша, мәселелер жылдар бойы жиналған: рельстер, байланыс желісі мен жылжымалы құрам тозған, ал уақтылы жаңарту жүргізілмеген. Соның салдарынан тұрғындарда трамвайдың сенімді көлік түрі ретіндегі беделіне күмән қалыптасқан.

Қай кезде де ескі, мүжілген трамвайға тап болу қаупі бар. Қай трамвайға мінсең де, тозған жолда қатты соғады, бұл кез келген сәтте апатты тоқтау болуы мүмкін деген сөз: бірде рельстен шығып кетеді, бірде байланыс желісінде мәселе туындайды, – дейді ол.

Белсендінің сөзінше, жағдайды ушықтырып отырған тағы бір фактор – трамвай желісінің қаладағы жалпы жол инфрақұрылымына дұрыс кіріктірілмеуі. Қиылыстардағы өткелдердің де күйі мәз емес. Бұл тек трамвай жолаушыларына ғана емес, көлік жүргізушілеріне де қиындық тудырады. Қозғалыс баяулайды, көліктер рельстен "секіріп" өтеді, ал тұрғындардың шағымы күн сайын көбейіп келеді.

Трамвай жетіспеушілігі және әлеуметтік қауіп

Қоғам белсендісі Руслан Кабиров тағы бір күрделі мәселе – жылжымалы құрамның жетіспеушілігіне назар аударады. Оның айтуынша, қалаға шамамен 18 трамвай жетіспейді және дәл осы вагон тапшылығы қозғалыстың тұрақтылығына тікелей әсер етіп отыр.

Трамвай мәселесінің түйіні – тапшылық үнемі бар. Қателеспесем, алдағы үш жылда 18 трамвай сатып алу жоспарланып отыр. Биыл төрт бірлік алынады. Сөйтіп үш жыл ішінде, әкім айтқандай, қажеттілік біртіндеп жабылуға тиіс, – дейді Кабиров.

Ол әсіресе қыста трамвай тапшылығы қатты сезілетінін атап өтті. Қар мен қатты аяз салдарынан вагондар жиі бұзылады, рельстер дер кезінде тазаланбайды, соның кесірінен қозғалыс тұрақсыз болып қалады.

Сонымен қатар Кабиров қоғамдық көлік жұмысының үзілуі әлеуметтік салдарға да алып келетінін айтады. Оның сөзінше, өзіне бірнеше рет ата-аналар хабарласып, жолақы картасы жоқ деген себеппен балаларды қатты аязда трамвайдан түсіріп жіберген жағдайлар болғанын жеткізген. Ал балаларға жол жүру тегін.

Белсендінің пікірінше, мұндай жағдайларға жол беруге болмайды. Әсіресе ауа температурасы шектен тыс төмендеген кезде балама көлік қолжетімсіз болып, көптеген тұрғынның жеке көлігі де оталмай қалатын кезеңде бұл өте қауіпті.

Әкімдіктің ұстанымы

Өскемен әкімдігінде трамвай шаруашылығындағы жағдайды аса қиын деп санамайды. Қалалық ТҮКШ бөлімі дерегінше, 2018 жылдан бері жүйені ретке келтіру бойынша кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізіліп келеді.

Бұл бағытта жылжымалы құрамның бір бөлігі жаңартылып, рельстің жекелеген учаскелері мен байланыс желісі ауыстырылып жатыр. Сондай-ақ алдағы жөндеу жұмыстарына қатысты жобалар да әзірленуде. Жолдың кейбір бөліктері қазірдің өзінде жөнделсе, енді бірін жақын жылдары жаңарту жоспарланған. Билік осы шаралар трамвайдың жиі бұзылуын азайтып, жолаушылар үшін қатынауды жайлы ете түседі деп есептейді.

Бар кінә "жекеменшікте" ме?

Әкімдікте трамвай жүйесінің қазіргі жағдайына әкелген негізгі себептердің бірі ретінде ұзақ жылдар бойғы жекеменшік басқару кезеңін атайды.

ТҮКШ бөлімі мәліметінше, 2018 жылға дейін трамвай паркі жеке меншікте болған. Осы аралықта кәсіпорын құлдырап, кейін қала оны үлкен қарызымен бірге сатып алуға мәжбүр болған.

1998 жылдан 2018 жылға дейін Өскемен қаласының трамвай паркі жеке меншікте болды. Осы кезеңде кәсіпорын тоналып, банкроттыққа жеткізілді. 2018 жылы ол 600 млн теңгеден асатын қарызбен сауда-саттық арқылы сатып алынды. 20 жыл ішінде жеке меншік иесі трамвай паркін дамытуға инвестиция салмай, тек оның мүлкін тиімсіз пайдаланды, жер телімдерін және басқа да негізгі құралдарды иеліктен алды, – делінген хабарламада.

Одан кейін жаңғырту бағдарламасы іске қосылған. Бағдарлама аясында Қазақстан көшесі бойындағы және Мызы, Қабанбай батыр, Сағадат Нұрмағамбетов көшелері бағытындағы, сондай-ақ көпір маңындағы түсетін жолдардағы трамвай жолы учаскелері жөнделген, 4 шақырым трамвай рельсі мен 1,2 шақырым байланыс сымы ауыстырылған.

Ескі вагондар мен жаңа сатып алулар

Бүгінде желіде пайдалануға берілгеніне бес жыл толмаған салыстырмалы түрде жаңа вагондар да, жасы 40 жылдан асқан трамвайлар да жүр. Ресми мәліметке сәйкес, қазір 7 жаңа трамвай және қатты тозған 15 трамвай қолданыста.

Айта кетейік, 2022 жылдан бастап қала жылжымалы құрамды кезең-кезеңімен жаңартуға кіріскен.

Әр жылдары төрт трамвай, кейін тағы үш трамвай сатып алынған. 2026 жылға тағы үш бірлік алу жоспарланып отыр. 1977–1986 жылдары шығарылған ескі вагондарды біртіндеп есептен шығару көзделген.

Әкімдік жаңа трамвайлардың қазірдің өзінде бағыттарға шығарылып, жолаушылар тарапынан пайдаланылып жатқанын айтады. Алайда ескі вагондардың басым бөлігі нақты қай мерзімде толықтай қолданыстан шығарылатыны туралы әлі ашық түрде жарияланған жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: @BAQ.KZ - Жасанды интеллект
Өзгелердің жаңалығы